ШҚО-да бүтін бір ауыл тұрғындары лас су ішіп отыр
Сондықтан ауылдықтардың бүкіл тірлігі сол кестеге тәуелді екен. Олар күніне үш рет қана берілетін ауызсудан жеткілікті қор жинап қалуға тырысады. Үй ішінде тазалық шараларын жүргізіп, жеке бас гигиенасын сақтау да мөлшермен ағатын суға байланысты. «Ал бұл дәл қазіргідей эпидемиологиялық ахуал қиындаған кезеңде жағдайды ушықтыруы мүмкін», – дейді ауыл халқы.
Белоусовка кентінің арнайы уақытпен ғана ағатын ауызсуға қарап отырғанына он жыл болған. «Кесте бойынша күніне 3 рет берілетін судың сапасы тіпті нашар», – дейді ауылдықтар.
Роза Разметова, Белоусовка кентінің тұрғыны:
- Мынадай вирус кезінде не дұрыстап қолымызды жуа алмаймыз, не дұрыстап тамақ қайната алмаймыз, ең бірінші мәселе осы су болып тұр. Үкіметтен көмек болса екен деп тұрмыз.
«Судың сапасы нашар болса да, оны қолданбасқа шара жоқ», – дейді тұрғындар. Жуынып-шайыну, үй шаруасының барлық тірлігін осы су кестесіне ыңғайлап жүруге мәжбүр. Ал бүгінгі санитарлық-гигиеналық талап күшейтілген уақытта, судан таршылық көріп отырған ауылдың жағдайы тіпті мүшкіл.
Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан су мәселесі жайлы аудан басшылығы хабардар. «Ауызсудың сап-сары болып кетуі тозығы жеткен құбырдың салдарынан», – дейді олар. Әбден ескірген желіні ауыстыру енді ғана қолға алынып жатыр.
Алексей Овчаров, Белоусовка кентінің әкімі:
- Біздегі су құбыры 50-ші жылдары салынған. 70% тозып тұр. Қазір мысалы су түсінің өзгеруіне сол құбырдан шыққан ақау себеп болуда. Қар қалың болғандықтан қай жердің бүлінгенін дөп басып таба алмай жатырмыз.
Әкімдік өкілдері: «Белоусовканы үздіксіз және таза ауызсумен қамту жағдайы сәуір-мамыр айларында шешіледі», – деп отыр. Сол мақсатта 118 шақырым жаңа су құбыры тартылыпты.
Дамир Ордаханов, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қыста біз жұмысқа кірісе алмадық, қазір міне күн райы бір қалыпқа түскен соң құбырды іске қосамыз. Ол үшін алдын ала құбырдың қаншалықты берік екендігін тексеріп, талапқа сай екендігіне көз жеткіздік. Залаласыздандыру шаралары да жүргізлген.
Демек, ауыл тұрғындарына ауызсу тапшылығына төзе тұруға тура келеді. Жалпы Белоусовка кентінде 10 мыңға жуық тұрғын бар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин