Оқушыларды онлайн оқыту жүйесі әзірленді
Оқушылар қазір демалыста жүргенде, ұстаздар бұл әдіске әзірленіп, жаңа форматқа бейімделіп жатыр. Қазақстандық оқушыларға онлайн сабақтар интернет ресурстар арқылы қолжетімді болады және телеарналардан көрсетіледі. Қазір түсірілім процесі жүріп жатыр. Телесабақтардың нақты кестесі жоқ. Бірақ ол Balapan және EL ARNA телеарналарынан көрсетіледі.
Гүлнәр Ибраева – елордадағы №86 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі. Қазақстандық оқушыларға онлайн сабақ жүргізеді. Тәжірибелі ұстаз жаңа жағдайға бейімделіп жатыр.
Гүлнәр Ибраева, бастауыш сынып мұғалімі:
- Қобалжу болды. Қазір үйреніп қалдық. Өзімді еркін сезіне бастадым, дайындық үстіндеміз. Нақты, тиянақты тапсырма беріп, сабақты қызық ету керек.
Әлем бойынша 1 млрд 200 млн оқушы мектепке бара алмай отыр. Бірақ коронавирус білім алуға кедергі емес. Елдер қашықтықтан оқуға көшіп жатыр. Қазақстан да кірісті. Онлайн білімді ұйымдастыру компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, қазір Қазақстанның қорында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 40 мыңдай электронды сабақ бар. Енді тіпті көбейе түспек.
Рауан Кенжеханұлы, компания директоры:
- Төртінші тоқсанда танысуы тиіс екі мыңдай тақырыпқа телеарналарда барлық сабақ түсіріліп жатыр. Жақында платформаларда көрсетіледі.
Осы іске жұмылдырылған он шақты студияда күніне 7-8 онлайн сабақ түсіріледі. Ұстаздардың дайындығына байланысты шамамен 60-65 сабақ түсіруге мүмкіндік бар. Дегенмен түсірілім ұстаздар үшін оңайға түсіп жатқан жоқ.
Рауан Кенжеханұлы, компания директоры:
- Әрине, бұл – мұғалімдер үшін мүлдем жаңа дағды. Сыныптағы сабақ бір бөлек, ал камераны, техниканы көргенде бәрі сасып қалады. Жаңа дағдыларды, тіпті кәсіпті игеруге тура келіп жатыр.
Сергей Михно, информатика пәнінің мұғалімі:
- Әр оқытушының өзінің педагогикалық жинақ сандығы, көптеген жыл бойы жинақталған жұмыс тәжірибесі бар. Олар сонымен келеді. Бұл жерде білім беруді жаңғырту орталығының, білім беру академиясының әдіскерлері сабақтарды пысықтауға көмектеседі. Өйткені мұғалімдер сабақтарды 40 минутқа дайындайды, ал енді бұл материалды эфир уақытының 10 минутына дейін қысқартуға тура келеді.
10 минут онлайн сабақты түсіруге шамамен 1,5 сағат уақыт кетеді. Білім және ғылым министрлігі: «Оқу жоспарына байланысты барлық сабақ түгел берілуі тиіс», – дейді. Ал мұғалімдердің еңбекақысы толық сақталады.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Оның ішінде денешынықтыру пәнінің, музыка, еңбек пәнінің мұғалімдері де қашықтықтан жүргізе алады және өзіне тиісті еңбекақысын алуы тиіс. Ешкімнің жалақысы қысқармайды.
Қазақстандық оқушылар үшін телесабақтар қазақ тілінде Balapan арқылы, ал орыс тілінде EL ARNA эфирінен көрсетіледі.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алина Параджан, Диас Қобландиев, Аманжол Байғазин