ҚР ДСМ аутизмге шалдыққан балаларға серуендеуге рұқсат берді
Заңға бағынбай, карантин талаптарын орындамағандардың бірқатары қамауға алынды. Тағы біразына айыппұл салынды. Ескерту жасағандардың арасында аутизммен ауыратын балаларын серуенге алып шыққан ата-аналар да бар. Олардың айтуынша, медициналық тұрғыдан мұндай диагноз қойылған балалар күнделікті таза ауаға шығып тұруы тиіс. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі көшеге шығуға болатындардың тізімін толықтырды.
Аутизмге шалдыққан балалар күніне кем дегенде екі мәрте далаға шығып серуендеуі тиіс. Бұл ауруды емдеуде дәрі-дәрмектен гөрі коррекциялық-педагогикалық әдістер оң нәтиже береді. Бұл – еліміздегі Autism Kazakhstan қауымдастығының төрайымы Нұргүл Балтабайқызының пікірі. Ол өзі де аутист баланың анасы. Сондықтан осы сырқатпен ауыратын ұл-қыздары бар ата-аналарды жақсы түсінеді.
Нұргүл Балтабайқызы, Autism Kazakhstan қауымдастығының төрайымы:
- Өте қиынға соғып жатыр. Себебі мінез-құлқы өзігеріп жатыр. Бала ештеңе істегісі келмейді. Шыңғыруы мүмкін. Себепсіз жатып, жүгіруі мүмкін. Ең бірінші әдіс күн тәртібі ұқыпты болуы керек. Тұрақтылықтан ғана жақсы өзгерістер болуы мүмкін.
Қауымдастыққа алғаш болып Маңғыстау облысынан ата-аналар хабарласқан. Олар карантин кезінде аутист балаларға түсіністік танытуды өтінген. Яғни далаға шығуға рұқсат сұраған. Аутизм қауымдастығынан түскен хат негізінде Денсаулық министрлігі карантин кезінде көшеге шығуға болатындардың тізімін кеңейтті.
Нұргүл Балтабайқызы, Autism Kazakhstan қауымдастығының төрайымы:
- Жалпы біз балалармен далаға шығуға маска, қолғап, барлық антисептикалық құралды пайдаланып, мүмкіндік болса, жеке көлікпен қаланың сыртына алып барсақ деген талаптар қойғанбыз. Қасында бір емес, екі ата-ана болу керек. Сондай талаптар қойдық.
Еліміздің бас санитар дәрігері осы шарттардың ішінде көшеге жеке көлікпен баланы алып шығуға шектеу қойды. Себебі мұндай іс әрекет ауруды жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін.
Айжан Есмағамбетова, Мемлекеттік бас санитар дәрігер:
- Аутизммен ауыратын балаларға далаға шығуға рұқсат бердік. Себебі аутист балалар үйде, жалпы жабық жерлерде ұзақ отыра алмайды. Оларды серуендеуге шығармай қойса, денсаулығына кері әсер етуі де мүмкін. Аутизм синдромының өзіндік ерекшеліктері бар екенін еске сала кеткім келеді. Әрине ата-аналардың барлығы балаларын далаға шығарғысы келеді. Бұл өзгеше жағдай екенін түсінсе деймін. Хат жазды екен деп бәрін мақұлдай бермейміз. Біз қайткен күнде де карантин талаптарын сақтауымыз қажет.
Психологтар да дәрігерлердің сөзін растайды. Аутизмге шалдыққан балалар белгілі бір күн тәртібіне үйренген. Сол кесте бұзылса, денсаулықтарында кері ауытқушылықтар болуы мүмкін.
Гүлдірайхан Жүнісбекова, психолог:
- Мәселен, даун синдромы бар балалар айтқанды тыңдай біледі. Оларға сыртта болып жатқан жағдайды айтса, түсінеді деп ойлаймын. Үйде отыра алады. Ал аутизмде бұлай емес. Олардың мінез-құлқы құбылмалы болып келеді. Қазіргі кезде ата-аналар бауыр еті балаларының жай-күйін ойлағаны дұрыс. Шектеулерді ақылмен түсіндірген жөн. Әсіресе сырқаты барларды ерекше күтімге алу қажет.
Еске сала кетейік, баланы ертіп жүрген азаматтың қолында оның диагнозын растайтын құжаты болуы тиіс. Шындап келгенде, далаға шығару немесе шығармау мәселесін ата-аналардың өздері шешкені абзал. Себебі қауіпті індет белең алып тұрғанда коронавирусты жұқтырып алу қаупі де жоғары.