Үкімет қаулысымен киік атуға салынған тыйым мерзімі тағы 3 жылға ұзартылды
Енді ақбөкеннің серкесіне мылтық кезенгендерден 6 млн 250 мың, ал аналығы мен төлін атқандардан 4 млн 375 мың теңге шамасында айыппұл өндіріледі.
Жалпы иен далада еркін көсілген жұптұяқтылар өсімтал болып келеді. Ғылыми ұйымдардың өткен жылғы санағы бойынша Бетпақдала, Орал, Үстірт популяциясының барлығын қосқанда Қазақстанда қазір 334 мыңнан астам киік бар.
Дегенмен киелі жануарды қоғадай жапыратын қаскөйлер ылаңына тоқтам болмай тұр. Жыл басынан бері 3 қылмыстық іс қозғалды. Алдағы мамыр айында киік төлдеп, жауын-шашын көбейіп, құралайдың салқыны басталады. Осы ретте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары «Охотзоопром» және полиция инспекторларымен бірігіп, киіктердің миграциялық сүрлеуін ерекше қорғауға алу жоспарын бекітті. Тиісті құралмен жабдықталған жедел топтар сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген аң-құстардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Марат Нұрмағамбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Киік аңының көп шоғырланған төлдеу орындарына, өріс аудару жолдарына біз бақылауды күшейтуіміз керек. Және ол жерде ауру ошақтарын болдырмау үшін топырақтан, судан, ауадан сынамалар алынып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге біз құзыретті мекемелерге беруіміз керек. 2016 жылдан бастап тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Осы уақытқа дейін ешқандай сынамалық ауытқушылық болған жоқ.