ДДСҰ өкілі: Қазақстанда коронавирустың шарықтау шегі қашан өтетінін кесіп айту қиын
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль «Хабар 24» арнасына берген сұхбат барысында осылай деді.
Айтуынша, министрлік дер кезінде әрекет етіп, елдегі эпидемиологиялық ахуалды тез арада бақылауға ала білді. Ал қазақстандық дәрігерлердің арқасында вирус жұқтыру деректері саны ушықпай, бір деңгейде сақталып тұр.
Десе де коронавирустың шарықтау шегі қашан өтетінін кесіп айту әзірге қиын. «Бастысы қазір денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені көбейтпей, карантин талаптарын орындауды жалғастыра беру қажет», – деді аталған ұйымның Қазақстандағы өкілі.
Кэролайн Кларинваль, ДДСҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі:
– Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуына жол бермеуді көздейтін шаралар қабылдап, дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Өз тарапымыздан біз аталған ведомствомен тығыз байланыста болып, қажетті медициналық әрі техникалық көмек көрсетіп келеміз. Жалпы індетпен күреске тек Денсаулық сақтау министрлігі немесе медициналық мекемелер ғана емес, сондай-ақ ел үкіметі де жауапты. Бұл істе ең бастысы вирус жұқтырған науқастарды жылдам анықтап, оларды оқшауға алу маңызды.