Halyk Bank дәрігерлерге қаржылай сыйақы берді
Осылайша 105 млн теңге көлеміндегі соманы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы мамандар алды.
Айдана Әшімхан, Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық сараптама орталығы вирусология бөлімінің маманы:
- Біз осындай қаржылай көмек көрсеткен Halyk Bank-ке алғысымызды білдіреміз. Шынымен қазір қысылтаяң шақ. Әріптестеріміз күні-түні аянбай еңбек етіп жүр. Бұл – бізге артылған міндет. Қолдау үшін рахмет!
Айта кету керек, Halyk Bank бұл қаржыны қайтарымсыз негізде берді. Осылайша қаржы институты індетпен күресте бірге екендіктерін көрсетіп, мамандарды қолдап отыр.
Әсел Әбубәкірова, Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық сараптама орталығы сынамаларды алу және қабылдау бөлімінің маманы:
- Медицина қызметкерлеріне осындай көмек көрсеткені өте маңызды және әрдайым қажет. Бұл ынталандырады. Иә, жағдай қиын. Біз өз жұмысымызды толық түсінеміз. Құрметті қазақстандықтар, үйде отырыңыздар!
Ал бұған дейін «Халық» қайырымдылық қоры Алматы қаласының әкімдігінің сұранысы бойынша медициналық мекемелерге жедел жәрдем қызметін көрсететін 8 мобильді орталықтары мен 17 жасанды тыныс алу аппаратын берген болатын.