ҚР Президенті «Ардагерлер туралы» заңға қол қойды
«Қазіргі әлемді жайлаған індет кезінде экономикаға қосымша салмақ түскеніне қарамастан, әлеуметтік көмектің арттырылуы Мемлекет басшысының ардагерлерге құрметі, қамқорлығының белгісі», – дейді Мәжіліс депутаттары.
Қанды майданда соғысқан ардагерлеріміз санаулы қалды. Бүгінде көзі тірі 1 025 майдангер бар. Тыл еңбеккерлері мен соғыс мүгедектерінің қатары 123 мыңдай. Ардақты ардагерлер қамы үшін арнайы қабылданған заңды әзірлеу барысын Мемлекет басшысы өзі тікелей бақылады. Ол ардагерлерді әлеуметтік қорғауға бағытталған. Жаңа санаттар бекіді. Бірінші санатта – Ұлы Отан соғысы ардагерлері.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесініің төрағасы:
- Біріншіден, бұл заңда ардагерлерге арналған жеңілдіктер мен кепілдіктердің барлығы топтастырылды. Жаңа заңда тағы да бірнеше топқа, яғни тәжік-ауған шекарасындағы, ТМД шекарасын нығайту үшін қатысқан адамдар, Ирактағы бітімгершілікке қатысқан топтар, Қарабақтағы қақтығысқа қатысқандарға да мемлекеттік қолдаулар қарастырылып отыр.
Заңда еңбек ардагерлері де қамтылған. Бұл санатқа «Социалистік еңбек ері», үш дәрежелі «Даңқ» және «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның Еңбек ері» атағын иеленгендер, соғыс кезінде кемінде 6 ай жұмыс істеген, тылдағы еңбегі үшін бұрынғы КСРО орден-медальдарымен марапатталғандар кіреді. «Ардагерлер туралы» заң еліне қалтқысыз қызмет еткен жауынгерлерге дем береді», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
- Қазақстан Қарулы күштері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, барлығы да жаңағы санаттарды сол мәртебеге лайықты деп мәлім етті. Сондықтан біз оны қолдауға тиіспіз деп ойлаймын. Алдағы уақытта іс-шаралардың кезең-кезеңімен жүргізілетін жүйесі туралы нақты айтылатын болады.
Дәл қазір ел аумағында әрқилы әскери ұрыс-қимылдарға қатысқан 21 мың азамат тұрады, Ауған ардагерлерінің саны 17 мыңға жуық.
Оралхан Әлімбаев, Ауған соғысының ардагері:
- Кезінде бізден «Соғысқа барасың ба?» деп ешкім сұрамаған еді. Оның бәрін қазір тек сұрапыл соғысқа қатысқан жолдастарымыз, Ауған соғысының ардагерлері түсінеді.
Депутаттардың айтуынша, Ауған соғысына қатысқандар жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлерімен теңестірілген. Келешекте де олардың ұсыныстары ескерілмек.
Сөйтіп жаңа заң негізінде соғыс ардагерлері 16 АЕК, яғни 45 мың теңге, басқа мемлекеттер аумағындағы соғысқа қатысқандар 13 мыңнан 17 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер 17 мыңнан 21 мың теңгеге дейін әлеуметтік көмек алады.
Айта кетейік, Социалистік еңбек ерлері үшін жәрдемақы мөлшері 138,63 АЕК-ке дейін арттырылды.
Авторы: Индира Жылқайдарова