БҚО-да көне қарулар мен әскери техника көрмесі өтті
Бүгінгі «Зенит» зауытының бас инженері Виктор Гарчевтің әкесі сол кезде аталған өндіріс орнында токарь болып еңбек еткен екен. Тек «Двигатель» емес, Кеңес одағының әр түкпірінен 4 зауыт Жайық жеріне эвакуацияланған. Өндіріс орындары майданды қару-жарақпен қамтуы тиіс еді. Ол міндет артығымен орындалды. Зауыт конструкторлары ЭТ-80 атты ізсіз торпедоны ойлап тапты.
Виктор Гарчев, «Зенит» зауытының бас инженері:
- Зауыт жаңа қару түрлерін сериялы өндіріске қойды. Көптеген жау кемесі Оралда жасалған торпедо, мина, снарядтардың арқасында су түбіне кетті. Менің әкем де осы істің бел ортасында болды. Демалмай еңбек еткені соншалық, дистрофияның соңғы сатысында болған екен. Кез келген сәтте өліп кетуі мүмкін еді. Менің қазіргі көңіл-күйімді жеткізу қиын. Осы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ата-анамды мақтан тұтамын.
Виктор Гарчев әке жолын қуды. Зауытқа 16 жасында келген бозбала қазір-ақ самайлы жігіт ағасы. Жуырда ол еңбек ететін «Зенит» зауыты сол кездегі қару-жарақтың көшірме үлгілерін көрсетті. Ал ел аузында «полуторка» аталып кеткен мына техника қаз-қалпында сақталыпты. Аталған автомобиль майдан жүгін Жеңіс күніне аман жеткізгендігімен әйгілі.
Сәбит Оспанов, цех шебері:
- Жеңістің 75 жылдығына орай «полуторка» дейміз, яғни мына машинаны бұрынғы қалпына келтіріп, қала халқына сый жасап жатырмыз. Үстінде тұрған торпедолар 1943 жылдан бастап зауытта жасалған. Соғыс кезінде пайдаланылған ракета макеттерін қойып жатырмыз.
Ал мына ЗИС-5 көлігі Дариян ауылындағы Шолохов мұражайынан әкелінсе, теңіз минасы Санкт-Петербург шаһарындағы әскери-теңіз мұражайынан жеткізіліпті. Ворошилов атындағы зауытта жасалған түрлі миналардың көмегімен қарсыластың 213 су көлігі жойылыпты.
Вячеслав Валиев, «Зенит» зауытының бас директоры:
- Орал «Зенит» зауыты фашистік Германияны жеңуге зор үлес қосты. Көріп тұрғандарыңыздай, мына қару 1941-1945 жылдары осы зауытта шығарылды. 3 мыңдай мина жасалса, 300-дей торпедо әзірленген. Біздің зауыт – Қазақстан бойынша I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған жалғыз кәсіпорын. Ол марапат әскери-теңіз қаруларын шығарғаны үшін берілді.
Жаңартылған техника мен қару-жарақты енді қала тұрғындары да тамашалай алады. Арнайы көрме Жеңіс алаңына әкеп қойылды. Өз кезегінде шаһар басшылығы зауыт ұжымына ризашылықтарын жеткізді.
Бақытжан Нарымбетов, Орал қаласы әкімінің орынбасары
- Төтенше жағдай болуына байланысты шаралар онлайн форматта және қашықтан ұйымдастырылуда. «БМП» мен екі зеңбірек қазір осы Жеңіс алаңынан орын алды.
Карантинге қарамастан «Орал «Зенит» зауытында» қызу жұмыс қарқын алған. Мұнда қазір еліміздің теңіз шекарасын күзетуге арналған 3 су көлігі құрастырылуда. Соның бірі жаңа әскери кеме жақын арада тапсырылмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов