Қостанай облысының кәсіпкерлері жұмысын қайта жандандырды
Дағдарыстың салдарынан жабылуға шақ қалғандары жоқ емес. Алайда кәсіпкерлер ертеңгі күндеріне сенімді. Қостанай облысының Қарабалық ауданы Ресеймен іргелес жатыр. Сондықтан бұл аймақта алыс-беріс, сауда-саттық жақсы дамыған. Соңғы айда төтенше жағдайға байланысты оның бәрі тұралап қалды. Галина Дубинина – шаруашылық заттарын, құрылыс материалдарын сататын әмбебап дүкеннің иесі. «Нағыз осы тауарларға сұраныс артатын кезде жабылып қалуы қаржылық жағдайға қатты әсер етті», – дейді кәсіпкер.
Галина Дубинина, кәсіпкер:
- Тұрғындардан дүкенді ашуды сұраған тілек-өтініштер аз болған жоқ. Бірақ сәл шыдау қажет болды. Екі-үш күн бұрын ашылдық. Қазір қолда бар тауарларды сатып жатырмыз. Жағдай түзеліп келеді ғой. Бірте-бірте бұрынғы жұмыс ырғағына түсеріміз анық.
Карантин әсіресе кафелердің жұмысын тығырыққа тіреді. Ауылдағы ағайын ас-тағамды үйге жеткізіп беруге тапсырыс бере қоймайды. Кафе иесі мемлекеттік тапсырыстың арқасында ғана аман қылдық деп отыр.
Вера Гутмахер, кәсіпкер:
- Өз бизнесімді мемлекеттің көмегімен құтқарып қалдым. Уақытша қамау изоляторындағыларды, блок-бекеттердегі қызметкерлерді тамақтандыру тапсырысына ие болдым. Оның сыртында 42 500 тг көмек қаржының да септігі тиді. Соның есебінен жарық ақысын төледім. Әйтпесе қиын болар еді.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қарабалық ауданында 1,5 мыңға жуық шағын және орта бизнес құрылымы бар. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен, сауда-саттық және қызмет көрсетумен айналысады. Қазіргі кезде қоғамдық тамақтандыру орындары, спорт, мәдени ошақтардан басқа кәсіпкерлік нысандар жұмысын бастап жатыр. Бизнеске түскен ауыртпалық салмағын азайту үшін мемлекет барынша жеңілдіктер жасады.
Сүгірәлі Кәрімов, Қарабалық аудандық Кәсіпкерлер бөлімінің басшысы:
- Салық жүктемесі азайтылып, каникул берілді. Есеп құжаттарын тапсыру кейінге шегерілді. Кәсіпкерлердің ауданнан тыс өңірлерде еркін жүріп-тұруын жылдам рәсімдеп отырдық. Бұл бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет еді.
Коронавирус кесірінен Қарабалықта 7 бизнес жоба тұралап тұр. Оларды биыл «Бизнестің жол картасы» жобасы аясында жүзеге асыру көзделген.
Авторы: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг