Ардагер Хамза Абылғазиннің өнегелі өмірі – жас ұрпаққа үлгі
Сұрапыл соғысқа жиырма жасында аттанып, оқ пен оттың ортасында болғандар бар. Сан рет жарақаттанып, елге аман оралған ерлеріміздің бірі – Хамза Абылғазин. Бұл күні ол ортамызда болмағанымен, артында ұлағатты ісі мен жарқын ізі қалды.
Хамза Абылғазин соғысқа 1939 жылы аттанады. Сол жылы фин шайқасында болып, жауынгерлік қабілетін көрсетеді. Кейін Ленинград қоршауында қалады. Курс доғасында ерлік үлгісін көрсеткен. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Сол күндердің естелігі бүгінде құжаттар мен сарғайған суреттерде сақталып қалды. «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» медалдарымен марпатталған. Бейбіт өмір орнаған алғашқы жылдары еліміздің мәдениет саласында еңбек етті. Көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созды, мейірім мен қамқорлық танытып, адамгершілік қасиетімен көптің алғысын алды.
Бақыт Батырқызы, Х.Абылғазиннің келіні:
- Айтқан сөзі, қимылдары әлі есімнен кетпейді. Адамгершілігі мол болды. Кәрі жасына қарамай, көмектесетін, жұмыс тауып беретін, пәтер алып беретін, балаларын институтқа түсіретін. Бүгінде ондай адамды кездестіру өте қиын. Қазақ па, орыс па, басқа халық па ол кісіге бәрібір болатын, қолынан келген жақсылықты жасайтын.
Хамза Әубәкірұлы 1958 жылы негізі қаланған Қазақ телевизиясының алғашқы директоры болды. Телевизия саласында білікті мамандарды тәрбиелеп, қазақ және орыс тілдерінде ондаған бағдарламаның эфирге шығуына айрықша үлес қосты. Ал 1962 жылы «Қазақфильм» киностудиясына басшылық қызметке барды. Ал Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесінің іс басқарушысы болған жылдары Кемел Тоқаевпен қызметтес болып, жақын араласқан.
Бағдат Дүйсенов, Х.Абылғазиннің жиені:
- Екеуі Жоғарғы кеңесте, Парламентте бірге қызмет атқарғандықтан, араласып, бір-біріне жақын болды. Оларды не жақындатты? Соғысқа дейінгі қиындық, соғыс кезіндегі азап, қияметтер болды. Жанымен жақын болатын. Бір-бірінің сырын керемет түсінетін еді. Екеуі де «елдің игілігі үшін қызмет атқарамыз» деген азаматтар болғандықтан, қатты бір-бірімен араласты. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің естелік кітабында да Абылғазин Хамза атамыздың атын атап өтеді.
Адамзатқа ауыртпалығын салған соғыстың азапты күндерін көрсе де, адамға деген мейірімін жоғалтпаған Хамза Абылғазиннің өнегелі өмірі – жас ұрпаққа үлгі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев