42 500 теңгелік төлем 4 млн 539 мың адамға тағайындалды
Жұмыссыз қалған және жұмыссыз жүргендерге әлеуметтік төлем жасады. Елде төтенше жағдай режимі енгізілгенде, 42 500 теңгеден берді. Бірақ өтінім қабылдау 11 мамырда тоқтағанымен, әлеуметтік төлемнің айналасындағы дау-дамай тоқтамай тұр.
Тұрғындар желіде жәрдемақыны ала алмай жатқандарын жарыса жазып жатыр. Бұл хабар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де жеткен болу керек. Ресми сайттарына ақша кімдерге берілетіндігін және төлем тәртібіне қатысты өзгерістерді жариялапты.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Аты жаман ауру алқымнан алғанда, әлем абдырап қалды. Індеттің таралуын тоқтату үшін азаматтар үйде отыруға міндеттелді. Табысынан айырылғандарға жәрдемақы тағайындалды. Алайда ақшасын әлі күнге дейін ала алмай, министрліктің сайтын сығалап жүргендер бар екен.
Бауыржан Бейсенбаев, ЕХӘҚ министрлігі Еңбек заңнамасын бақылау басқармасының басшысы:
- Кейбір кәсіпорындар өз жұмыстарын жандандырды. Сол себептен бұл 42 500 теңгені бірінші ай алып, екінші ай алмаған азаматтар болса, бұл кәсіпорындарда жұмыс істейтін, жұмысқа шыққан немесе өздерінің табысын қайтадан қалпына келтірген азаматтар болуы мүмкін.
Төтенше жағдай кезінде тағайындалған әлеуметтік төлемді екіге бөліп қарастыруға болады. Мәселен, 16 наурыздан 16 сәуірге дейін бір реттік төлем жүйесі енгізілді. Осы уақыт аралығында 4 млн 539 мың адамның өтініші расталды әрі оларға 42 500 теңгеден тағайындалды. Ал төтенше жағдайдың ұзартылуына байланысты 16 сәуірден 11 мамырға дейін мемлекет азаматтарға тағы төлем жасауға келісті. Бірақ бұл кезеңде 4,5 млн адамның барлығы дерлік жәрдемақыдан үміттенбеуі тиіс делінген.
Бауыржан Бейсенбаев, ЕХӘҚ министрлігі Еңбек заңнамасын бақылау басқармасының басшысы:
- 11 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін өтінімдерді қабылдадық. Өтінімдер 18:00-ден кейін тоқтатылды. Қазіргі таңда қалған өтінім берушілердің өтінімін жеке тұрғыда қарап, бұйрыққа, ережеге сәйкес болатын болса, төлейтін боламыз.
Ал: «Тағы неге төленбеді», –деп жүрген азаматтарға айтарымыз, министрлік дерегіне сүйенсек, 16 сәуірге дейін өтінім берген адамдарға автоматты түрде екінші рет төлем жасалады. Егер де ол азаматтың табысы қайта жанданбаса.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында, 42 500 теңгеге қатысты төлем тәртібі көрсетілген. Кімдерге жәрдемақы берілмейді? Түсінікті болу үшін біз ықшамдап алдық:
- Еңбек өтілі жоқ адамдар;
- МӘС жүйесіне қатыспаған адамдар;
- ЖЗЖ қатыспаған адамдар;
- Қайта жұмысқа кіріскен адамдар (қашықтан);
- Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді алушылар;
- Өзге елге тұрақты тіркеуге тұрған адамдар;
- Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдар.
Бір айтқым келетіні, әлеуметтік төлем мен АӘК алатындарды шатастырып алмаңыздар. Мамандар пікірінше, бұл санаттағы адамдарға берілген қаржы зейнетақы немесе мемлекеттен берілген жәрдемақы емес. Ол – көмек.
Сонымен қорытатын болсақ, 3 млн 735 мың ел азаматына екінші рет 42 500 теңге беріледі. Бүгінгі ақпар бойынша, 2 млн 700 мың адамға екінші рет төлем жасалыпты. Қайталап өтейін, жалпы саны 4 млн 539 мың адамға төлем тағайындалған.
Ал 16 сәуір мен 11 мамыр аралығында өтінім жібергендер болса, оларға екі рет 42 500 теңге берілмейді. Осыны ұмытпаңыздар.