СҚО-да тауар өндірушілерді қолдауға арналған жаңа жоба қолға алынбақ
Отбасы өзгеге алақан жаймай, өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Үй маңына бірнеше жылыжай тұрғызып, бүгінде көкөніс өсірумен айналысады. Бірақ елімізде төтенше жағдай режимі жарияланып, өнімдерін саудалай алмай қалған. Болашақта мұндай проблемаға тап болмау үшін кооператив құру жоспары бар. Ол үшін қияр мен қызанақ өсіруді де қолға алмақшы.
Сахадат Хужамқұлова, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
- Аскөк, ақжелкен, пияз, салат жапырағы – барлығы бар. Көкөністің бәрін шығарамыз. Үлкен жылыжай құрып, келешекте қияр өсіруге әрекет етіп жатырмыз. Балаларымыз шөбін жұлады, суын себеді.
Ризығын жерден табатын шаруаларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Тіпті биылдан бастап «Егіс даласынан дүкен сөресіне дейін» атауымен арнайы пилоттық бағдарлама жүзеге асырылмақ. Бұл жоба бірінші кезекте кәсіпкерлердің өз өнімдерін толықтай сатуларына мүмкіндік береді. Екіншіден, келісімшарт аясында тауарды қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізуге болады. Нәтижесінде елімізде азық-түлік импорты да азаяды.
Марат Ысқақов, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Пилоттық жоба алғашында Түркістан және Жамбыл облыстарында жүзеге асады. Себебі аталған өңірлерде осы кезде жеміс-жидек пен көкөніс пісіп, сатылымға шығарыла бастайды. Оның үстіне биыл оңтүстіктің диқандары қырыққабаттарын өткізе алмай, шығынға батты. Сондықтан бұл бағдарлама сәтті жүзеге асса, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен қолдау болары сөзсіз.
Қазіргі таңда елімізде 1 млн 700 мыңдай қосалқы шаруашылық бар. Ал олардың өнімі сауда орындары арқылы сатылмайды. Яғни әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған. Ал жаңа жоба осы сынды түйіткілдерді шешуге бағытталмақ.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев