Павлодарда емдеу мекемелері біртіндеп штаттық режимге көшіп жатыр
Ең бастысы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Төтенше жағдай кезінде өңірдегі біртұтас жиынтық төлемді төлеушілердің саны сегіз есе артқан. 1 шілдеге дейін қазақстандықтар тегін медициналық қызмет алуға құқылы.
Зейнеткер Мария Ященко 30 жылға жуық мұнай-химия саласында еңбек еткен. Бір ай бұрын жүрегі сыр беріп, аретмия диагнозы қойылған. Азаматша емін ақылы емес, МӘМС аясында қабылдамақ. Айта кетейік, өңірде төтенше жағдай кезінде бірыңғай жиынтық төлем жасағандардың саны сегіз есеге артқан.
Мария Ященко, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Зейнеткерлер үшін бұл – тамаша мүмкіндік. Мамандар тегін медициналық сақтандыру бойынша ем қабылдауды ұсынды. Кезегімді көп күткен жоқпын. Міне, ем-дом қабылдауға келдім. Сақтандыру жүйесінің игілігін көріп жатқан жайым бар. Енді жүрегіме «Холтер» атты құрал орнатылады.
Бүгінде облыстық кардиохирургиялық орталықта 500 маман еңбек етеді. Төтенше жағдай кезінде медициналық сақтандыру қорынан түсетін қаржы 70% қысқарған. Карантин кезінде ашық жүрекке жасалатын операциялардың бірнеше түрі енгізілген. Осылайша хирургиялық әрекеттердің саны 20-ға жуықтады. Бүгінгі күнге дейін медициналық сақтандыру шеңберінде 455 пациент емделсе, 150-ден астамына операция жасалған.
Әділжан Әлбазаров, облыстық кардиохирургиялық орталық директоры:
- Ішкі әкімшілік квоталарымыз бар. Ем қабылдау үшін емханаға барып, сараптама тапсырудың қажеті жоқ. Өзіміздің стационарда қабылдаймыз. Сондықтан қуаттылығымызды арттыра аламыз. Ең бастысы – науқастарға уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету.
Облыс оралығындағы №1 аурухананың ұжымы да штатты режимге біртіндеп кірісуде. Көпсалалы мекемеде 11 бөлімше бар. Бұл – аймақтағы ең ірі медицина кешені. Карантинге дейін шұғыл көмек көрсетіліп келген.
Қанат Асылханов, облыстық №1 ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Науқастарға жоспарлы медициналық көмек көрсетуге дайынбыз. Тиісті қаулы қабылданған соң, толыққанды қызмет көрсете бастаймыз. Карантин режимі кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуде шектеулер болған жоқ. Операциялар рет-ретімен жасалды. Ешқандай кідіріс болмады.
Ел азаматтарының барлығы 1 шілдеге дейін медициналық әлеуметтік тұрғыдан сақтандырылу керек. Облыс халқы 750 мың адамнан асса, бүгінде 1% ғана сақтандырылмаған.
Нұрлан Қасымов, медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры:
- Мәртебесі өзектендірілмеген тұлғалардың қатары жеті мыңға дейін қысқарды. Ал бірыңғай жиынтық төлем жасаған азаматтардың саны төрт мыңнан асса, қазір 28 мың адамға жетті. Жақсы көрсеткішке қол жеткізуге мемлекет тарапынан 42 500 теңге көлемінде көрсетілген көмек оң әсерін тигізді.
Осы жылдың наурыз айында МӘМС аясында 995 млн теңге төленсе, сәуір айындағы көрсеткіш 2,7% азайған. Емдеу ұйымдары толыққанды жұмысқа кіріскен соң, сақтандыру аясындағы қызметтер толық көрсетіле бастайды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий