Елордада тамақтану орындарының 25% банкрот болудың алдында тұр
Карантиннің бұл талабы тамақтану орындарына да жетті. Алдағы дүйсенбіден бастап елордада сыйымдылығы 50 орыннан аспайтын дәмханалар қонақ қабылдай бастайды. Бірақ келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс. Үстел басында да белгілі бір арақашықтықты сақтауыңыз керек.
Дәмхана иелері: «Қандай талап болса да, орындаймыз, ең бастысы жұмыс істеуге рұқсат берсе болды«», – деп отыр. Өйткені төтенше жағдай талайлардың бизнесіне ауыр соққы болды. Тек елорданың өзінде тамақтану орындарының 25% банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Жұмысын нөлден бастағалы тұрғандары да аз емес.
Екі айдан бері тарс жабық тұрған бұл дәмхананың есігі алғаш рет ашылды. Сегіз жылдан бері жұмыс істеп тұрған нысанның қожайыны: «Бизнесіміз бұрын-соңды мұндай тоқырауға ұшырамаған», – дейді. Амал жоқ, бәрін нөлден бастауға мәжбүр.
Дулат Асылбеков, кәсіпкер:
- Ең үлкен қиындық – ақша мәселесі. Азық-түлік бар, айлық төлеу керек. Бәріміз осы бизнеске қарап, өмір сүріп жатырмыз, бала-шаға асыраймыз.
Бұдан бөлек карантин кафенің жұмыс істеу режимі мен қызмет көрсету тәсіліне де өзгеріс енгізгелі тұр.
Нұртілеу Аманжол, кәсіпкер:
- Мына жерде үш үстел тұр. Ашылған кезде мына үстелді алып тастаймыз. Сонда арақашықтығы екі метр болады.
Өйткені санитарлық қадағалау органдарының қойып отырған талабы осындай. Бір үстелдің басына алты адамнан артық отыруға рұқсат жоқ. Арақашықтығы тым жақын болып кетсе, тағы болмайды. Кассада кезекте тұрғандар да бір бірінен екі метр алыс тұруы тиіс.
Қарлығаш Әбдішева, қалалық Тауарлар, көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін БД бөлім басшысы:
- Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарында жанұялық отырыс және ораза кезіндегі ауызашар, басқа да семинар, конференция өктізуге тыйым салынады.
Елордада 3500-дей тамақтану орны бар. Оларға донер, шаурма дайындайтын орындардан бастап, асхана, дәмхана, үлкен мейрамханалар кіреді. Карантин кезінде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін онлайн тапсырыспен жұмыс істегендері бар. Бірақ бұдан түсетін қаржы шығынын жаппақ түгілі, жыртығын жамауға да жетпейді. Өйткені тамақтану орындарының 80% ғимаратты жалға алады. Бір өкініштісі, карантин уақытында ғимарат иелерінің кейбірі 30-50% жеңілдік жасағаны болмаса, ешқайсысы да төлемнен толық босатпапты. Бұл да кәсіпкерлерге ауыр соққы болған.
Вероника Нұрпейісова, Қазақстан рестораторлар клубының президенті:
- Көп нысан жабылудың алдында тұр. Қайта жұмысын бастауға қаржысы да, қажыр-қайраты да жоқ. Карантин уақытында сатып алып қойған тауарлары түгел бұзылып, әрқайсысы кемі 2-3 млн теңге қаржысын жоғалтты. Кафе-ресторан иелерінің 30% бизнестерін сатуға қойып жатыр. Бірақ сату үшін де алдымен тауар жеткізушілерінің қарызын төлеуі керек, қызметкерлерінің жалақысы тағы бар.
Дүйсенбіге дейін әлі үш күн бар болса да, кейбір дәмханаларға тапсырыс беріп жатқандар да аз емес. Бұл халықтың екі ай бойы төрт қабырғаға қамалудан жалыққанын көрсетсе керек. Санитарлық қадағалау органдары тамақтану орындарындағы талаптарының орындалуын дәмхана иесінің жауапкершілігіне қалдырып отыр. Олар: «Сақтаймыз», – деп сендірді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов