Алматыда 3631 кәсіпорын жұмысын бастайды
Осылайша қалада 84 мың адам жұмысқа тартылып, барлығы 3631 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Ал қандай қызмет түрлеріне тиым салынған?
Біраз уақыт ауасы тазарып, ауласы босап қалған Алматыда қазір күйбең тірлік қайта жандана бастады. Қаладағы көлік және адам саны күн сайын артып келеді. Мамыр айының алғашқы күндерінен бастап адам өміріне маңызды шағын нысандар өз жұмыстарын бастаса, енді 25 мамырдан тағы біраз шектеуді алу жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте кәсіпкерлерді қуантты. Өйткені карантин шағын бизнеске біраз кедергі келтіргені анық.
Берік Рахымұлы, кәсіпкер:
- Жалға берушілер әрине, ақшасын қазір тоқтатып қойды. Біз жеткізіп беру қызметімен жұмыс жасап жатсақ та, одан пайда тауып жатқанымыз шамалы. Тек қана жұмысшылардың жалақысын шығарып беру, халықты тамақтармен қамтамасыз ету мақсатында ғана жұмыс істедік.
Қоғамдық тамақтану орталықтары 25 мамырдан бастап есіктерін айқара ашады. Бірақ жұмыс уақыты шектеулі. Таңғы 09:00-ден кешкі 23:00-ге дейін болады. Ашылатын кез келген нысан санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Барлық мекеме басшылары Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің сайтындағы қаулы ережелерімен танысуы керек. Дайындық аяқталған соң сол сайтқа тіркеліп, электрондық рұқсатнама алуы тиіс. Оны кәсіпкерлер жақсы түсінеді.
Айнагүл Базарова, мейрамхана үйлестірушісі:
- Енді 25 мамыр ашыламыз. Ол үшін санитарлық талаптар орындау керек екенін білеміз. Қазір жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмысшылардың күнделікті дене қызуын өлшейміз. Енді қонақтарға да барлық сақтық шарасын дайындап қойдық.
Тамақтану орындарының аумағындағы балалар ойын алаңы мен караоке, бильярд және кальян секілді көңіл көтеру мекемелерінің жұмыстарына тыйым салынады. Сондай-ақ банкеттер мен салтанатты шаралар өткізуге де әзірше болмайды.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев