Елде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды
Елде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Бұл аралықта қарулы күштер қатарын 17 мыңға жуық бозбала толықтырады деп жоспарланған. Олар әскери бөлімге жеткен кезде міндетті түрде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест тапсырады. Шақыру науқаны тамыз айына дейін жалғасады. Ал жас сарбаздар карантин кезінде Отан алдындағы борышын қалай өтейтін болады?
Әлеуметтік арақашықтық, кіреберісте дене қызуын тексеру. Карантин кезінде әскери комиссариаттағы медициналық тексерістер осыдан басталады. Қазіргі тәртіп осындай. Жалпы дәрігерлердің айтуынша, биыл әскер қатарына шақырту алған бозбалалардың физикалық дайындықтары жоғары.
Жанат Мұқышева, терапевт-дәрігер:
- Былтырға қарағанда балалардың физикалық дайындықтары жақсы. Бірақ арасында артық салмақтар кездеседі. Бүйрек ауралары кездесіп қалады. Оның барлығын уақытында анықтап, емделуге тұрғылықты жерлеріне жіберіп жатырмыз.
Отан алдындағы борышын өтеуден жалтақтағандар жоқ. Тепсе темір үзетін жігіттер: «Артылған міндетті асқан жауапкершілікпен орындауға әркез дайынбыз», – дейді.
Абдулхамит Набайбулаев:
- Әскерге барып, қызмет ету – менің еркектік міндетім. Барлығы жақсы өтеді деп ойлаймын.
Айта кету керек, биыл наурыз айының ортасында коронавирус пандемиясына байланысты елде төтенше жағдай жарияланып, әскерге шақырту кейінге шегерілген еді. Ал Отан алдындағы парызын орындауға былтыр кеткен ер-жігіттер болса, үйлеріне кеш орала бастады. Оларды әскерилер арнайы пойыздармен елдеріне жеткізді.
Сәкен Жүсіпов, ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы:
- Әскерге шақырушыларды жиын пунктерінен әскери бөлімдер орналасқан жерлерге дейін жеткізу бекітілген тасымалдау жоспарына сәйкес іске асырылуда. Ол үшін әскери көлік авиациясы, әскери бөлімдердің көліктері және жолаушылар пойыздары қолданылады.
Биыл әскерге шақырылған жігіттер еш өзгеріссіз, өз борыштарын бір жыл толығымен өтейтін болады. Ал көктемгі әскерге шақыру науқаны тамыз айына дейін жалғаспақ.
Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков