Өскемендік дәрігерлер берілген өтемақыға байланысты шағымдануда
Осының кесірінен медициналық мекемедегі мамандардың шамамен 30% астамы қосымша ақысыз қалған. Сондықтан олар жауапты басқарма басышыларынан еңбекақыға қатысты есептеулердің қалай жүргізілгенін талап етті.
Облыстық жедел жәрдем стансасы қызметкерлері наурыз айынан бастап күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілген. Төрт ауысым бойынша қазір бірнеше жүз маман жұмыс істейді. Дәрігерлер соңғы екі айда әрбір шақыруға тәуекел етіп барғандарын жасырмайды. Алайда сәуір айында жалақыға қосымша төленген ақы көңілдерін көншітпей отыр. Тек дәрігерлер емес, көлік жүргізушілер де түсінбей жүр.
Аслан Тоқмұрзинов, қалалық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Біреуге 20 мың, біреуге 28 мың төленсе, ал енді біреуге 128 мың теңге түсті. Мен мүлдем алмадым.
Сәуір айынан бастап қосымша ақы төлеу жүйесіне өзгертулер енгізілген. Әрбір бригада қанша шақыруға барды және қанша сағат жұмыс істегеніне байланысты есептеулер жүргізіліпті.
Олжас Керейхан, тілші:
- Сәуір айында қаладағы жедел жәрдем стансасына тәулігіне орта есеппен 600-ге жуық шақыру түскен. Дәрігерлердің айтуынша, осы шақырулардың кейбірі есепке алынбаған. Тіпті олардың арасында коронавирус індетін жұқтырған науқастарды да әкелген бригдалар бар. Алайда қосымша төлем алмаған. Өскемендік жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері осыған өкпелі.
Қай бригаданың қанша сағат жұмыс істегені «Komek» электронды жүйесімен есептеледі. Алайда дәрігерлер кейбір шақыру мен артық сағаттары осы бағдарламаның есебіне енді ме, жоқ па соны білмей жүр.
Эльвира Кенжалина, қалалық жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
- Сағат бойынша болғанда кімге қанша беріп жатқандарын біз түсінбейміз. Бүкіл сома берілмеді. Президенттің айтуы бойынша, 425 мың теңге болу керек. Соның ішінде бір бөлігін ғана жіберді.
Қорықса да бүгінге дейін ешбір маман шақырудан бас тартпаған. Ал қала бойынша қазір 28 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Олардың арасында коронавирус індетін жұқтырған науқасқа барған бригада мүшелерінде қосымша ақы алмағандар да бар.
Евгений Вожуновский, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
- Коронавирус індетіне шалдыққан адаммен аралас-құралас болған соң, науқастанып жатқан адамнан шақыру түсті. Біздің бригада барып, арнайы қорғанышқа салып әкелдік. Ол да жұқпалы індетке шалдыққаны анықталды. Бірақ мен толық төлемақы алмадым.
Төлемақының берілу қағидасын жедел жәрдем қызметкерлеріне осы салаға жауапты басқарма басшылары түсіндіруге тырысты. Электрондық есептеу жүйесінен қате кеткен. Ал айлықтағы алшақтық қайта есептелетін болды.
Ілияс Мұхамеджан, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Дау туғызған жағдайда қолындағы қағаз түріндегі бар ақпаратты тексеріп, салыстырамыз. Егер де қателік жіберген адамдар болса, тиісті шаралар қабылдауымыз мүмкін. Сәйкес келсе біздің мамандарға қосымша үстемақы төленеді.
Үстемақыны есептеу бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды. Медицина мамандары осы комиссияға сенім артып отыр. Ал облыстағы жалпы жедел жәрдем қызметкрелеріне қосымша ақы үшін наурыз айында 37, сәуір айында 76 млн теңге бөлінген.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин