Қызылорда облысындағы балық зауыттарына шикізат қоры жетіспейді
Өйткені шикізат қоры жетіспейді. Сондықтан өңірде тауарлы балық қорын көбейту маңызды. Жалпы алдағы 10 жылда өңірде тауарлы балық өсіру көлемін 2 мың тоннадан асыру жоспарланып отыр.
Облыста жыл сайын 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Оның басым бөлігі Кіші Арал теңізінің байлығы. Ал өңірде қуаттылығы 12,5 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты бар. Демек, олар толық қуаттылығында жұмыс істеуі үшін тағы 4,5 мың тоннадай шикізат керек. Сондықтан өңірде тауарлы балық қорын көбейту жобалары қолға алына бастады.
Айнакүл Баймаханова, жоба авторы:
- Ғаламдық экологиялық қордың қаржыландыруымен 2019 жылы Ақшатау елді мекеніне осындай үлкен инкубациялық цех салдық. Осы инкубациялық аппараттың барлығы қондырылды. Қазір біз 1 млн 600 дана сеголетка шығара алатындай шамамыз бар.
Мәселен, Арал сервистік дайындау орталығы жылына 4,5 тонна балық өңдеуге қауқарлы. Бірақ қазір бұл зауыт 2 мың тонна су маржанын өңдейді. Шикізат жетіспеушілігін жою үшін бұл кәсіпорын жаңа жобаны іске асырмақ.
Әділбек Айымбетов, серіктестіктің атқарушы директоры:
- Біріншіден, осы жерден терең өңдейтін цех салу қажет. Ол жұмысын бастағалы жатыр. Екіншіден, Бөген ауылында мұздатқыш пен жатақхана керек. Ол тамыз айында іске қосылады. Үшіншісі – Домалақ көлдің негізінде балық өсіретін мекеме салу.
Сонымен қатар Қамбаш көлі маңынан тоғандар салып, балық өсірумен қатар, туристер демалатын арнайы орындар жасалады.
Айдос Аяғанов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлім басшысы міндетін атқарушы:
- Нәтижесінде Арал өңірін экологиялық және экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізіп, әлеуметтік жағынан жергілікті халық шамамен 54 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Өңірде 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 2 200 тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл мақсаттағы жобаларға мемлекет тарапынан тегін жер телімі бөлініп, инфрақұрылымын тартуға қолдау жасалады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов