Алматыда мас жүргізушінің блокбекетті соғып өтуінен 2 қызметкер мерт болды
Салдарынан екі тәртіп сақшысы қаза тапты. Көліктерді тексеріп тұрған үшінші полиция қызметкері ауыр халде реанимацияда жатыр. Қазір дәрігерлер қолдан келген көмектің барлығын жасауда.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Патрульдік полиция инспекторларының өмірін қыршын қиған ауыр оқиға осы қиылыста болды. BMW көлігін мас күйінде жүргізген жүргізуші алдында тұрған темір қоршауды қиратып, бетон кедергіні бұзып, қарсы бетте тұрған қызметтік көлікті соққан. Екі инспектор да сол уақытта машина ішінде отырған. 42 жастағы Жарас Жанғазиев оқиға болған жерде қаза тапты. Ал 26 жастағы әріптесі Дастан Әбдіқанов ауруханада көз жұмды. Екеуінің де артында бала-шағасы қалды.
Мұндай жағдай Көксай ауылындағы №4 бекетте осымен екінші рет болып отыр. Сәуір айында мас жүргізуші блокбекетті соғып өтіп, бір полиция қызметкерін жарақаттаған болатын.