Қарағанды облысында кәсіпорындар күшейтілген санитарлық режимге көшеді
Себебі «Нұрқазған» кенішінде болған жаппай індет жұқтыру оқиғасы облыстың эпидемиологиялық ахуалын күрт қиындатқан. Қазір онда жұмыс істеген қызметкерлер мен олардың жақындарын қоса алғанда 300-ге жуық індет жұқтырғандар анықталған. Кеніштің жұмысы уақытша тоқтатылды. Өзге кен орындары казармалық режимге өтуді жоспарлап отыр.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Біздің облыстың құрылымына сай жабық кәсіпорындар көп. Олардың арасында кен орындары да бар. Бірқатар кәсіпорын маусым айынан бастап вахталық жұмыс тәртібіне көшкелі отыр. Мен барлық ірі кәсіпорын басшыларына әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, қызметкерлердің денсаулығына бейжай қарамауды тапсырамын. Қызметкерлерді көшпелі зертханалар арқылы тексеріп отыру керек.
Ал Қызылорда облысында қауіпті вирусқа зейнет жасындағы адамдар жиі шалдыға бастаған. Соңғы екі аптада осы топтағы 12 науқас тіркеліп, оның төртеуі ауыр, біреуі өте ауыр халде. Елімізде төтенше жағдай режимі алынғалы бері Сыр өңірінде дерт жұқтырғандар көбейген. Өткен аптада Қызылорда облысында 51 адамнан індет анықталып, апталық өсім 20% асып кетті.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- 65-тен асқан аға-апаларымыздан үйде болып, оқшаулануды сұраймыз. Кез келген адамнан жұғу ықтималдығы жоғары. Сондай-ақ жұмысына кіріскен салалар мен нысандардың иелерінен санитарлық ережелерді әрқайсымыз талап еткеніміз дұрыс. Сонда бұл қоғамдық деңгейге көтеріледі.