Қарағанды-Балқаш автобан құрылысы биыл мезгілінен кеш басталды
Оған себеп: көптеген маман карантиндік шектеулерге байланысты жете алмаған. Айта кетсек, бұл учаскедегі бас мердігердің екеуі де шетелдік компания.
Қазір құрылысшылар кестеден ауытқымау үшін күндіз-түні тынбай еңбектеніп жатыр. Сонымен 4 жолақты күре жол қашан ел игілігіне беріледі?
Балқаш қаласында шомылу маусымы әлдеқашан басталғанмен, көлге жету әзірге мұң болып тұр. Айналма жолмен аяңдап жеткенше 5-6 сағат уақыт кетеді. Ал негізгі жолдың құрылысы екінші жыл қатарынан жүріп жатыр.
Қарағанды-Балқаш арасындағы 363 шақырым жол 5 учаскеге бөлінген. Бас мердігер – түрік және қытай компаниялары. Құрылыс басында шамамен 2 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. 850 техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, биылғы құрылыс кеш басталыпты. Себебі карантиндік шектеулерге байланысты жан-жақтағы жұмысшыларды жеткізу оңайға соқпаған.
Құлмахан Есілбек, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
- Өйткені әр облыста тұрады. Алыс тұрады. Одан соң анализ тапсырып, өткізу құжатын дайындағанша біраз уақыт кетеді. Бірақ қазір бәрі шешілді. Адамдар келіп жатыр. Бәрі жұмысқа кірісуде.
Мұнда жұмысқа кедергі болмас үшін санитарлық талаптар қатаң сақталады екен. Сондықтан болар, осы күнге дейін учаскеде бірде-бір науқас тіркелмеген. Қазір олар екі ауысыммен тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Жоба жетекшілері құрылыс сапасына кепілдік беріп отыр.
Мереке Омаров, мердігер компанияның жоба жетекшісі:
- Әр кезең сайын біз тапсырыс беріп отырамыз. Егер жолдың сапасы жеткілікті деңгейде жасалған болса, келесі кезеңге рұқсат беріледі. Біз сол бойынша жұмысты жалғастырамыз. Ал егер қандай да бір күмән болған болса, сапасы төмен немесе сәтсіз жасалған болса, ол жұмысты бізге қайтадан жасауға тура келеді. Сол себепті екі жұмыс жасамас үшін біз сапасына өте қатты көңіл бөлеміз.
Жол құрылысына жауапты мамандар төрт жолақты автобанның екеуі биыл ашылатынын айтады. Ал 2023 жылы жоба толық аяқталмақ. Құны – 242 млрд теңге.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев