Мемлекет басшысы БҰҰ ұйымдастырған халықаралық форумға қатысты
Коронавирус мыңдаған азаматтардың өмірін жалмады, халықаралық қатынастарды үзді, экономикалардың дамуын тежеді. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік ЖІӨ едәуір төмендейді. COVID-19 тұсында және одан кейін дамудың алғышарттары қандай болуы тиіс? Әлемдік саясат сахнасындағы белді де беделді тұлғалар бейнеконференция арқылы байланысып осы сұрақтың жауабын іздеді. Бейнеконференцияға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан төрағалық ететін теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының атынан сөз сөйледі. Пандемиямен күресте әлемдік ынтымақтастықтың аса қажеттігін айта келе Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің коронавирустық пандемиядан басқалардан қарағанда көп зардап шекенін жеткізді. Қаржыландыру азайды, сауда саласындағы бұзушылықтар көбейді, инвестициялар тоқтады. Қазақстан Президенті әлемдік азық-түлік тапшылығын болдырмау, тұрақты дамуды жалғастыру, халықаралық сауда, цифрлық теңсіздік төңірегінде де пікірін жеткізді. Қазақстан Президентінен бөлек форумда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдо, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция Президенті Эмманюэль Макрон коронавирустық пандемияның салдарымен күрес төңірегінде өз ойларымен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттер мен жеке топтар арасындағы әріптестікті қоса алғанда, тұрақты даму жобаларына жеке бизнесті де белсенді тартуға болады. Жеке инвесторларды сандық теңсіздікті жоюға шақырамыз. Қазақстан осы дағдарысқа байланысты бірнеше елге гуманитарлық көмегін көрсетті. Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі, кикілжіңдерді басу, бейбітшілік миссиясы секілді маңызды салаларда жаһандық күш-жігерге өз үлесін қоса алады.