Қазақстандық әскерилер Жеңістің 75 жылдығына арналған шеруге қатысады
Ол үшін 3 есептік топ құрылып, дайындық күн сайын пысықталады.
Бұлардың іріктеуден іркілмей өткен мықтысы ғана маусымның 24-і күні Қызыл алаңда сап түзеп өтетін болады. Айта кетейік, біздің әскерилерді Ресейдің Қорғаныс министрлігі арнайы шақырып отыр.
Риат Шони, тілші:
- Осыдан тура 75 жыл бұрын осы сарбаздардың аталары Мәскеу төрінде өткен Ұлы Жеңіске арналған шеруге қатысқан болатын. Мінеки, 75 жыл өткеннен кейін бұл сарбаздар да өз аталарының ерлігіне тағзым етіп, Мәскеу төрінде өтетін шеруге қатыспақ.
Сайдың тасындай іріктелген сарбаздарды бір емес, екі бірдей шеруге қатысқан Құрмет қарауыл ротасының сержанты Бауыржан Елшібаев дайындап жатыр. Тәжірибелі әскери бұған дейін Қытай мен Беларусь елдеріндегі шарада Қазақстанды таныстырған еді.
Бауыржан Елшібаев, Құрмет қарауыл ротасының сержанты:
- Біз үшін ерекше жаңалық болды. Себебі мен өз елімізде өтіп жатқан парадтарға қатыстым. Басқа елге барып, өз елімді таныстыру өте ерекше болып сезіледі.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған шеруге қатысуға шақырту алғандардың тағы бірі – Қайрат Берімқұлов. Ол – Қазақстандағы бітімгерлік полкінің әскери қызметкері. «Мұндай ыстық күнде плацта сап түзіп жүру, әрине, оңай емес. Дегенмен оқу-жаттығуда қиын болғанымен, майданда жеңіл», – дейді сержант.
Қайрат Берімқұлов, Қазақстандық бітімгерлік полкінің әскери қызметкері:
- Менің атам Нүрпейісұлы Нұрқасым Сталинград түбінде қан кешіп, біздің жарқын өмір сүруімізге ықпал етті. Ұлы Жеңісті жақындатуға атам қан төксе, мен Мәскеу қаласындағы парадта көк туымызды желбіретіп, жүктелген сенімді абыроймен ақтап келетініме толық сенімдімін.
Шеруге қатысатындарға қойылатын басты талап: бойы 188 см кем болмауы керек. Жаттығу күніне екі рет өтеді. Сол себепті сарбаздардың физикалық дайындықтары да мықты болуы шарт.
Дәулет Оспанов, құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары:
- Салтанатты шеруге 3 есептік топ таңдалған. Біріншісі десант шабуыл бригадасынан. Екіншісі десант шабуыл әскерлерінен, үшінші әскери институтындағы 3 курс курсанттарынан құралған. Қазіргі кезде дайындық өте қарқынды. Жақын арада біздің қолбасшылар ең жақсы есептік топты таңдап алады. Олар 24 маусымда Қызыл алаңда Мәскеу қаласында өз деңгейін көрсетеді.
Жалпы қазақстандық әскерилер салтанатты шеруге Ресей тарапының шақыртуымен барғалы отыр. Маусымның 24-і күні Мәскеу төрінде 85 сарбазымыз көк туымызды желбіретіп, сап түзіп өтетін болады.
Авторлары: Риат Шони, Диас Қобланбаев