Еліміздегі кейбір өңірде жаппай тексеру шаралары басталды
Шымкентте халық көп баратын қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер мен моншалар санитарлық талаптарға әлі де қырын қарап отыр. Бұл туралы қаладағы Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары мәлімдеді. БАҚ өкілдері мен бірге жүргізілген арнайы рейд нәтижесі де осының айғағы. Әкімшілік қызметкерлері мен полиция және санитар мамандар бірлескен мониторинг топ шаһардағы бірнеше нысанды аралады. «Олқылықтар тағы қайталанатын болса, ісі сотқа жолданып, әкімшілік айыппұл арқалайтын болады», – дейді сала мамандары.
Оралда карантин талаптарының орындалуын тексеру мақсатында құрылған мониторингтік топтар базарлар мен өзге де сауда нысандарын тексерді. Рейд барысында олардың барлығы бірдей карантин талаптарын толық сақтай бермейтіні анықталды. Сатушылар мен сатып алушыларға ортақ талап біреу. Ол міндетті түрде бетперде мен қолғап киіп, арақашықтықты сақтау ғана. Алайда санэпидемиолог мамандар бұл талаптардың орындала бермейтініне көз жеткізді.
СҚО-да карантиндік тәртіпті бұзған 13 кәсіпкердің ісі сотқа түсті. Полицейлер мен санитариялық мамандар бірлесе рейдтік шараларға шығып, кафе-ресторандарды, сұлулық салондары мен саябақтағы атракциондарды, жалпы адамдар көп жүретін жерлерді тексеріп жатыр. Олардың айтуынша, кейбір нысандарда басқасын айтпағанда қарапайым талаптардың өзі сақталмайды. Мәселен, балмұздақ сатып тұрған мына қыздың қорғаныш қолғабы жоқ. Құзырлы орган қызметкерлері бірінші рет ескерту жасады. Ал келесі жолы айыппұл төлейді.
Павлодарда енді санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейтін болады. Бұған дейін арнайы мониторинг тобы ескерту жасаумен шектеліп келді. Өңірде коронавирусқа шалдығу көрсеткіші бәсеңдемей тұр. Өндіріс ошақтарына қатынайтын бағыттарға арнайы рейд жүргізілді. Ереже бұзушылық алғашқы екі автобустан табылды. Жолаушылар бір-біріне жақын отыр. Енді жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын айыппұл төлейтін болады. Ол шағын бизнес субъектілері үшін 500, ірі кәсіпорындар үшін 1 600 АЕК көлемінде есептеледі.
Қостанайда карантин талабын бұзған жеті нысанның жұмысы тоқтатылды. Олардың арасында дүкен, кафе және балалар студиясы бар. Маусым айынан бастап мобильді топ 300-дей нысанға мониторинг жүргізіліп, ескерту берген. Санитарлық талаптарды сақтамаған нысандар бұл олқылықты түзетпейінше, қайта ашылмайды.