Орман өртінен қорғаушылар дайындықтарын пысықтады
Карантин кезінде екі ай бойы әуеге көтерілмеген тікұшақтардың техникалық жағдайы мұқият тексеріліп, десантшылардың бабы пысықталды.
Боралдай әуежайындағы дайындыққа «Авиаорманқорғау» мекемесінің Алматы және Талдықорған бөлімшелерінінің десантшылары жиналды. Екі айдан бері ұшпаған Ми-8 тікұшағының әр бөлшегі майланып-сыланып, тетіктері тексерілді. Тікұшақты әуеге көтеру – аса жауапты іс. Қауіп-қатері аз емес. Қауіпсіздік нұсқамаларынан кейін десантшылар ұшаққа мінді.
Тікұшақ 18 адамға лайықталған. Бірақ оқу-жаттығу барысында десантшылар топқа бөлінеді. Бір топта үш адам болады. Өрт сөндіруші-десант болу үшін үміткер түрлі сынақтардан өтеді. Биіктіктен қорықпайтын, жалыннан жасқанбайтын, қызметтің ыстығы мен суығына төзе білетін батыл адам болуы керек.
Жасұлан Сатыбаев, өрт сөндіруші десант:
- Бұл менің бірінші ұшуым. Көтеріліп, түстім. Өте ұнады. Ең бастысы қауіпсіздік.
«Авиаорманқорғау» мекемесінің Алматы мен Талдықорған бөлімдері бақылауында он мың гектарға жуық ұланғайыр жер бар. Бұл екі бөлімде небәрі 16 өрт сөндіруші жұмыс істейді. Өткен жылы тау шатқалдарындағы шыршалар мен қырдың шөбі отқа оранғанда алғаш жетіп, өртті сөндіруге күш салған да осы мекеме қызметкерлері.
Якупжан Ибрагимов, «Авиаорманқорғау» ММ Алматы бөлімшесінің ұшқышы:
- Найзағайдың түсуінен таулы аймақтарда осы шырша ағаштары жанды. Далалық өрттер бізде Алматы облысында негізінен көктемде, күз айларында болады.
Таудағы алаудың жалындауына көп жағдайда адамдар кінәлі. Жалын шарпыған шатқалға тікұшақсыз жету әсте қиын. Сондықтан: «Авиаорманқорғау» мекемесі жаңа тікұшақтармен қамтамасыз етілсе, біздің де жұмысымыз нәтижелі болар еді», – дейді мекеме өкілдері.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев