Алакөлде туристік маусым ашылады
Әзірге мұндағы демалыс орындарына 50% шектеулер қойылған. Алайда шілденің 1-інен бастап олар толық қуатында жұмыс істей алады. Кәсіпкерлермен ақылдаса келе, облыс әкімі Даниал Ахметов осындай ұсыныс айтты. Бірақ ол үшін адамдардың денсаулығы бірінші кезекте болып, жағалаудағы аймақта қауіпті індет болмауы шарт. Барлық кәсіпкерлік нысанның жұмысы жаз бойы арнайы құрылған мониторингтік топтың бақылауында болады.
Өткен жылы Алакөлдің шығыс жағалауында 700 мыңнан астам турист демалыпты. COVID-19 дертіне байланысты қазір мұнда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жағалауда бір мезетте он мыңнан астам адам жүре алатындықтан, аймаққа кіру үшін бұл дертті жұқтырмағаны жөнінде анықтама талап етіледі.
Дулат Асылбеков, «Арасан-Алакөл-Інжу»демалыс үйінің директоры:
- Егер дертке шалдықпағаны жайлы анықтама болса, келушілер де алаңсыз демала береді. Он күннің ішінде 75%, сосын 100% ашылады.
Биыл абаттандыру жұмыстарына мемлекеттен 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ұзындығы 2,5 шақырымдық веложолақ іске қосылса, жағалауда киінетін кабиналар, құтқарушы бекеттері салынады. Ал қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп 80-ге жуық Сергек камералары арқылы онлайн бақылауда болады.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
- Жақсы білеміз, коронавирус біздің арамызда жүр. Сол себепті сақтандыру жұмысы бірінші міндетіміз болуы шарт. Абаттандыру жұмысын жалғастырамыз. Осы жылдың ішінде әуежайдың реконструкциясын бастаймыз. Содан кейін су мәселесі шешіледі. Электр қуаты мәселесін біз 2,4 млрд теңге бөліп, он жылда шешілмеген сұрақты осы жылдың ішінде шешеміз.
Шипалы көлге жыл сайын өз еліміз ғана емес, шетелден туристер көптеп келуде. «Сондықтан халыққа сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету үнемі назарымызда болады», – дейді жергілікті билік өкілдері.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы