Алакөл жағалауында саяхатшыларды бес қонақүй қабылдайды
Туристерден вирустық инфекция белгілері байқалған жағдайда анализ тегін жасалады. Жергілікті амбулатория қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Оның өз жедел жәрдем қызметі де бар. Алакөл жағалауындағы демалыс орындары 13 маусымда ашылады. Бірақ олар келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма? Бар мәселе осында болып тұр.
Алакөлдің Алматы облысындағы бөлігіне келемін деушілерге 200-ден астам демалыс орны қызмет көрсетеді. Дегенмен пансионаттар биыл ерекше жағдайда жұмыс істейді. Қауіпсіздік ережелері мен барлық талапты мобильдік топ мүшелері егжей-тегжейлі түсіндірді.
Толқын Көжебаева, облыстық ТКҚСҚ Бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Басты талап – бүкіл демалыс орнына санитайзерлер қою. Екіншіден, жұмысшылар бетперде және қолғап кию керек. Содан кейін асханаларда, жағажайда қашықтықты сақтау қажет.
Мобильдік топ мүшелері үш күннің ішінде көл жағалауындағы барлық демалыс орнын тексеріп шықты. Соның 50% ғана алдағы шомылу маусымының ашылуына дайын. Ал осы демалыс күндері Алакөлдің Алматы облысындағы бөлігінде орналасқан бес қонақүй туристерді қабылдай бастайды. Қалғанына жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді жою үшін екі аптадай уақыт берілді.
Ардақ Байқұлова, демалыс орнының директоры:
- Алдымызға қойған бұл шарттар ешқандай қиындық тудырмайды. Өйткені біз қонақүйге кіретін туннель қоямыз. Адамдардың барлығы сол туннель арқылы өтіп, температураларын өлшеп кіреді. Егер температурасы мөлшерден көп болса, онда біз территорияға кіргізбейміз.
Демалыс орындары саяхатшылардан коронавирус инфекциясына тапсырған анализ қорытындысын талап етпейді. Ал келушілерден ауру белгілері байқалған жағдайда ауылдық амбулаторияның қызметкерлері көмек көрсетеді.
Қайрат Баймұхамбетов, облыстық ТКҚСҚ Бақылау департаментінің басшысы:
- Осы жерге жылжымалы зертхананы әкелетін болдық. Ақшидің амбулаториясында болады. Бәрі тест-системалар, керекті диагностикалық материалдарымен келеді. Осы жерде ауру белгісі бар кісілер болатын болса, демалушылардан тегін анализ аламыз да, оқшаулаймыз.
«Көл жағалауында бетпердесіз жүруге рұқсат берілген. Дегенмен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған абзал», –дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов