Түркістанда үй ауласына той жасағандар іздестіріліп жатыр
Осылайша ауруы байқалмайтын науқастар саны ел бойынша 4892 адамға жетті. Олардың ең көбі Алматы мен елордада. Жалпы симптомсыз науқастар несімен қауіпті? Коронавирус анықталғанымен, алайда оның белгісі жоқ болса, не істеу керек?
Ән мен би, керемет көңіл-күй. Түркістанда той. Видеодан үйдің ауласында өткен тойдың ауқымын анық байқауға болады. Қонақтардың да саны аз емес. Отбасылық шараның иесі мен оны ұйымдастырушыларын жергілікті полиция іздеп жатыр. Тойдың карантин кезінде өткені белгілі болса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Осындай көпшілік жерде қанша симптомсыз науқас жүруі мүмкін? Тестен өтпей, нәтижесін алмай, ешкім айта алмайды. Себебі ондай науқастардың температурасы көтерілмейді, жөтелмейді, яғни ауру белгілері байқалмайды. Дәрігерлер 1 симптомсыз науқас бірнеше сау адамға вирус жұқтыруы мүмкін екенін айтады.
Рафаил Розенсон, иммунолог, аллерголог дәрігер:
- Жалпы вирустың симптомсыз түрі аурудың белгілері әлі шығып үлгермегендігін не инкубациялық кезеңнің соңында шығатынын білдіреді. COVID-19 инфекциясының ағзадағы ағысы 3-6 күндік кезеңнен тұрады. Біріншісі – байланыстан кейінгі кезең: ағза ауырайын ба, әлде күресейін бе деген шешім қабылдайтын сәт. Келесі алтыкүндік – бұл күрес. Осы кезеңде қиындықтар болса, не жеңіп шығасын, не жеңілесің. Яғни алғашқы алты күнде вирустың белгілерін білу мүмкін емес.
Ауру белгісі жоқ науқастардың саны көбейіп барады. Өткен аптада ғана 3 мың еді, қазір 5 мыңға жуықтады. Мамандар симптомсыз науқастарды үйден шықпауға немесе тұрғылықты жер бойынша емханаға баруға кеңес береді. Ауруханаға жатқызу мәселесі емхана деңгейінде шешілетін болады.
Айгүл Мәжитова, дәрігер:
- ПТР анализ тапсырып, егер теріс шықса, жұмысқа шығуға рұқсат. Ал оң нәтиже беріп жатса, 14 күн қараймыз, 14 күннен соң карантин жабылады.
COVID-19 диагнозы расталған науқастардың бәрі ауруханаға жатқызылмайды. Дене температурасы 3 күн ішінде 38,5°С төмендемеген, демалуы қиындаған, екі өкпесінде 25% астам өзгерістер болған науқастар, 65 жастан асқан пациенттер мен созылмалы ауруы бар науқастар жатқызылады. Солардың бірі алматылық – Ержан Мұхамадиев.
Ержан Мұхамадиев, науқас:
- Мен де сенбеген адамдардың бірі болғанмын. Бүйрек салғызғалы жүрген адам болған соң қорғандым. Дене қызуы көтерілді, ішім өтті, жүрегім айныды, иіс сезбейтін болдым. Қазір жақсарып келе жатырмын, бірақ пневмония маған бөгет болып тұр.
Ержан Мұхамадиев қазір ауруханада ем қабылдап, індетпен күресіп жатыр. Бірақ үнсіз қалған жоқ. Ол «сенбеймін» дейтін секемшілдерге аурухана палатасынан былай деп үн қатады.
Ержан Мұхамадиев, науқас:
- Еліме айтарым: бұл ауруға сеніңіздер. Көбісі «сенбеймін, мұндай ауру жоқ» деп айтып жатыр. Адамдар өз басына келмейінше солай дейді. Ешкімнің басына келмей-ақ қойсын.
Бүгін ғана «Рахат» кондитерлік фабрикасында 467 симптомсыз науқастың анықталғаны мәлім болды. Компания жұмысын толығымен тоқтатты. Коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты кейбір өңірлерде карантин шаралары күшейді. Соған қарағанда биылғы жаз аса жағымды болмайтын секілді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Талғат Серікқалиұлы