Қостанай облысындағы ауылдар ауызсу тапшылығын тартып отыр
Мысалы, Валерьянов елді мекенінің тұрғындары тіршілік нәрін қысы-жазы іргедегі қаладан тасып ішеді.
Ал көлігі жоқтары ауылдағы құдық суын тұтынуға мәжбүр. Оның сапасы күмән тудырады. Жергілікті билік бұл мәселе биыл оң шешімін табады деп отыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- 500-ден астам халқы бар Валерьянов ауылы Лисаков қаласына жақын орналасқан. Іргесінде Тобыл өзені ағып жатыр. Соған қарамастан жергілікті тұрғындар Кеңес дәуірінен бері ауызсуға зәру. Мынау – ауылдағы ішуге жарамды деген жалғыз құдық. Оның суы да аздап кермек татитындай.
Бұл сөзімізді ауылдың байырғы тұрғыны Сейітқали Құлшықбаев та растап отыр. Ол құдық суын тек тұрмыстық қажеттілікке пайдаланады. Ал ішуге 5 литрлік пластмасса ыдыстарын көлігіне салып алып, 10 шақырым жердегі қала іргесіндегі бұлақтан тасиды. «Жаз мезгілі өйтіп-бүйтіп жеткізерсің, қыста қиналып қаламыз», – дейді ауыл тұрғыны.
Сейітқали Құлшықбаев, Валерьянов ауылының тұрғыны:
- Қыста көретін азабымызға айтар жоқ. Суық мезгілде суды алып келу алтынды жерден қазып алғанмен тең. Қар борап тастайды, көлікпен жете алмаймыз. Қаланың шетіне қойып, жаяу барып, шанаға салып алып көлікке дейін алып келеміз.
Біз барған кезде ауыл сыртындағы алаңда қазба жұмыстары жүріп жатты. Сұрап білсек, кешенді су сорғыш станциясының құрылысы басталыпты. Мұндағы жерасты суы жарамсыз болғандықтан, құбыр Лисаков қаласынан тартылып жатыр.
Жәнібек Сәрсенбаев, учаске басшысы:
- Әрқайсысы 200 текше метр болатын екі бөшке, су мұнарасы, сүзгі, сорғы станциясы орнатылады. Бұл көлем ауыл тұрғындарын ғана емес, жергілікті халықтың төрт түлігін, бау-бақшасын қамтамасыз етуге жетеді.
Жарты миллиард теңгеге бағаланған бұл жобаны мердігер қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр. Жалпы өткен 5 жыл ішінде Бейімбет Майлин ауданында үш елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бірақ өркениеттің игілігін көріп отырғандарды көп деуге келмейді. Мысалы, аудандағы 36 ауылдың 17-сінде ғана су құбыры тартылған.
Қайрат Көбенов, Бейімбет Майлин ауданының бас сәулетшісі:
- Қазіргі кезде Красносельский ауылына су құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Сондай-ақ Майский ірі елді мекенін орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтудың құжаттарын әзірлеуге бюджеттік тапсырыс берілді.
«Осы жобалар алдағы екі-үш жылда жүзеге асса, аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 90% маңайлап қалады», – дейді әкімдіктегілер.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг