Ақтөбе облысында ескі ғимараттар жаңартылады
Атап айтқанда, олардың қасбеттері жөнделіп, боялады. Сонымен бірге аулаларды абаттандыру жоспарланып отыр.
Осылайша идея авторлары нысандардың бастапқы келбетін жоғалтпай, әрі қарай сақтауды көздеп отыр. Қазір екі көшедегі ондаған ескі үйді жаңартуға қатысты пилоттық жоба дайын. Бұл жұмысты атқаруға демеушілердің де көмегі тартылады.
Зейнеткер Любовь Шваб әжейдің тұрғындар қалашығы ауданында тұрып жатқанына 40 жылдан асқан. Өткен ғасырдың орта шенінде салынған үй бір мүжілген емес. Тек көршілермен бірігіп құбыр желісі мен кіреберісті жаңартқаны рас. Дегенмен күрделі жөндеу жүргізетін уақыттың да таяғанын сезеді. Себебі жаңбыр жауғанда пәтер ішіне су ағатынын айтады.
Любовь Шваб, қала тұрғыны:
- Біздегі басты мәселе – төбе жабындысының ескіруі. Ақ жауын болса, үйге су кіреді. Егер жөндейтін болса, келісер едік. Ал қалған бөлігіне қатысты ешқандай шағымымыз жоқ.
Бұл үйді терможаңғырту бағдарламасы аясында қайта жаңарту көзделген. Алайда төбені жөндеп, желілерді ауыстыруға кететін шығын пәтер иелері есебінен жүргізілетінін естігенде, тұрғындар бас тартқан. Өздерінің айтуынша, негізінен қарттар тұратын шағын ауданға мұндай шарттар тиімсіз және жүргізілетін жұмыстың да сапалы болатыны күмән туғызыпты. Ал үйлердің тарихи келбетін сақтауға қатысты жұмысқа тұрғындардың еш қарсылығы жоқ.
Тұрғындардың пікірін өлкетанушылар да қолдайды. Олардың айтуынша, қаладағы тарихы терең ғимараттар ескі болғанымен, шаһардың шежіресі іспетті. «Сондықтан да жаңарту жұмыстарын жүргізгенде де аса жауапкершілік қажет», – дейді. Әсіресе 1890 жылдары салынған төрт сыныптық училище мен өткен ғасырдың басында бой көтерген теміржол станциясы мен кеңестік дәуірдегі зауыт жұмысшыларына салынған үйлер күтімге зәру.
Роза Балдығарина, өлкетанушы:
- Ақтөбедегі екі сыныптық орыс-қырғыз училищесін, «Шехеризада» қыздар мектебін, «Пионерлер үйі» деп аталатын мектепті әдемілеп ұстау керек. Себебі балаларымыз осы ғимараттар арқылы тарихпен танысады.
Бүгінде қаланың екі шағын ауданындағы екі көшенің ескі нысандарын жаңартуға қатысты жоба әзір. Оның ішінде Жеңіс даңғылындағы 32 үй мен Шернияз көшесіндегі 25 үйдің қасбеттері жөнделіп, боялмақ. Сондай-ақ аулаларын да абаттандыру көзделген. Жұмысқа кететін қаржы көлемі анықталып жатыр.
Сұлтан Аманчин, Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл жобаларды демеушілік қаражат есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Жилгородок ауданы бойынша демеуші бар. Ол – ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір олар жоба және оның бағасымен танысуда. Ал қаланың ескі бөлігінде демеушілер тарапынан әзірге ешқандай ұсыныс жоқ.
Қала әкімдігі өкілдері қолға алынған істің сәтті жүретініне сенімді. Егер пилоттық жоба сапалы жүзеге асса, әрі қарай үздіксіз жалғасатынын айтады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов