Қызылордадағы көпқабатты үйлер жөндеуді қажет етеді
Мемлекет тарапынан берілген 2 млрд теңгеден астам қайтарымды пайызсыз несиенің арқасында қазіргі таңда 32 үй күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл ретте тұрғындар құрылыс мекемесін өздері таңдап, жұмысын бақылап, нысанды қабылдап алады.
Абай даңғылы мен Ғани Мұратбаев көшелерінің қиылысында орналасқан үйлер жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Есіктері алқам-салқам, шатыры тесік үйдің тұрғындары жаңғырту бағдарламасының талаптарына қуана келісім берді.
Жұлдыз Ахметова, қала тұрғыны:
- Жаңғырту жұмыстары басталды. Жасалып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Шатыр, жертөле, баспалдақтар апатты жағдайда тұрған. Соларды дұрыстады, қайта құйып, жөнге келтірді.
Төле би көшесіндегі силикат кірпіштен соғылған 5 қабатты үйлер 90-жылдары толық салынбаған күйі қоныстанушыларға беріліп кеткен. Шатыры жартылай жабылып, жертөлесі құрғап көрмеген үйдің тұрғындары да жаңғыртудың кезегін көптен бері күтіп жүрді. Қазір бұл аумақта қызу тірлік.
Алмағанбет Жүнісов, қала тұрғыны:
- Ұнамайтын жері көп еді. Әйтеуір модернизацияға іліндік. Барлығын қадағалап отырмыз. Өте жақсы жасап жатыр. Жұмыстарына қанағаттанамыз. Енді қабылдау актісіне бәріміз қатысамыз.
Ерлан Бердібаев, қала әкімінің орынбасары:
- Біреу 5-қабатта тұрады, біреу 1-қабатта тұрады. Біріншілері шатырға ғана қатысым бар, ал келесілері жертөлеге ғана қатысым бар дейді. Бұл бағдарлама бәріне әділетті түрде бірдей бөлінеді. Өйткені көпқабатты үйлер ортақ иеліктегі меншік болып табылады. Құрылыс материалдарының негізгі бөлігі – жергілікті материалдар. Жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер компаниялардағы жұмысшылардың барлығы – Қызылорда қаласының тұрғындары. Сондықтан бұл бағдарлама бүгінде өте тиімді әрі ыңғайлы болып отыр.
Тұрғындардың баспанасын бүтіндеп, жайлы мекенге айналдырған жобаны жалғастыру мақсатында тағы 26 үйді жаңарту жоспарда бар. Оған 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Қазір бюджеттік өтінім қарауда жатыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев