Маңғыстау облысындағы жол құрылысына өңірлік өнім қолданылуда
Мұны Бекет Ата жолы, Таушық-Форт-Шевченко мен Жетібай-Жаңаөзен жолдарымен күнде жүретін жүргізушілер жақсы біледі.
Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Зауыт Маңғыстаудың ірі көлік хабына айналып, өңірдегі инфрақұрылымның дамуына сүбелі үлес қосуда.
Өндірістегі жұмыстың маңызды бөлігі осында атқарылады. Бетон, асфальт және өзге де жол құрылысына қажетті материалдардың қалай өндіріліп жатқанын жұмысшылар монитор арқылы бақылап отырады. Жаңа технологиялардың көмегімен өнім өндіретін зауытта бүгінде 32 адам еңбек етеді. Барлық маман арнайы оқу курстарынан өтіп, тәжірибелерін шыңдаған.
Қанат Ибрагимов, зауыт операторы:
- Жұмыстың жүру бағытын компьютер арқылы қадағалап отырамыз. Сырттағы жігіттерге тек осы жерден ғана дабыл барады. Өндірістік асфальт бетон дайын болған кезде осы жерден машинаға тиеліп, сыртқа шығарылады.
Кәсіпорын сағатына 160 тонна асфальт қоспасын дайындайды. Мұнда асфальттың бірнеше түрі мен қиыршық тас өндіріледі. Өндіріске қажетті шикізат облыс аумағындағы карьерлерден тасымалдануда. Бұл өнім бағасының нарықтағыдан төмен болуына мүмкіндік беріп отыр.
Асқар Елемесов, зауыт басшысы:
- Тапсырманың көптігіне байланысты 2 ауысымда жұмыc жасап жатырмыз. Қазір Форт-Шевченко мен Таушық жолдарына асфальт бетон жібердік. Сонымен қатар демалыс орындарына баратын жолдарға және қалаішілік жолдардың асфальтына өнім өндіріп жатырмыз.
Зауыт 2014 жылы іске қосылған. Былтыр оны жаңғыртуға мемлекеттен 11 млн 333 мың теңге қолдау көрсетілді. 6 жыл ішінде 1 млн тоннаға жуық асфальт өндіріліпті. Отандық өнім аймақтағы жаңа жолдарды төсеуге және тозығы жеткен жолдарды жаңартуға кеңінен қолданылып жатыр.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев