ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі екпеге байланысты онлайн кездесу ұйымдастырды
Бұл – ДДСҰ мәліметі. Елімізде екпе мәселесі қоғам тарапынан қызу талқыланатын тақырыптың бірі. Әсіресе соңғы кездері бұқара бұл мәселені жиі көтеріп келеді. Көптің көкейіндегі екіұшты ойларға жауап беру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрі ата-аналарды, дәрігерлерді, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың басын қосып, арнайы онлайн кездесу ұйымдастырды.
Белгілі сахнагер Светлана Фортуна вакцинацияға қарсы. Тіпті тұңғышына екпе салдырып, баласының денсаулығы сыр берген. «Бірақ бар гәп екпеден екенін дәлелдей алмадық», –дейді.
Светлана Фортуна, М.Горького атындағы орыс драма театрының актрисасы:
- Мен дәрігер де, вирусолог та емеспін. Бірақ ғылыми еңбектерді оқыдым. Неге вакциналардың құрамы, жанама әсері туралы зерттеулер жазылған арнайы үкіметтік сайт құрылмаған? Ата-ана барлық ақпаратты білуі тиіс.
Қазір ұлттық вакцинация күнтізбесі бойынша балаға туғаннан 1,5 жасқа дейін 21 ауруға қарсы екпе салынады. «Үкіметтік арнайы сайт болмағанымен, бірде-бір вакцина ел аумағына қосымша зерттеусіз әкелінбеген», – деп жауап қатты мамандар.
Арнұр Нұртаев, ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры:
- Вакцина сапасы еуропалық стандарттарға сай зерттеледі. Егер кімде-кім вакцинаның кері әсері болғанын хабарлағысы келсе, ұлттық сараптама орталығында арнайы сары картаны толтыруы тиіс. Мамандар зерттейді. Осы күнге дейін ешкім жүгінген жоқ.
Өзін «халық емшісімін»деп таныстырған Виктория Ли де екпеге үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. Вакцина еккеннен кейін баласы қызамыққа шалдыққан. Ол тіпті екпе құрамындағы сынап, формальдегид сынды заттардың өмірге қауіпті екенін айтады.
Виктория Ли, халық емшісі:
- Кеңес заманындағы медицина өте сапалы еді, қазіргі күні бәрі коммерциялық сипат алды. Вакцина құрамындағы формальдегид қоспасы, канцероген өзге ауруларды қоспағанда қатерлі ісікке алып келуі мүмкін. Қазақстанда адамның иммундық жүйесіне түбегейлі зерттеу жасалмайды.
Ал дәрігерлердің пайымынша, формальдегидтің вакцинадағы үлесі тым аз. Тіпті канцероген күнделікті ішетін ауызсудың өзінде әлдеқайда көбірек. Ал сапаға келсек, өркениет медицинаны да айналып өткен жоқ.
Нұршай Әзімбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
- 60-80 жылдарда қызамық, қызылша, паротит ауруларына қарсы пайдаланылған екпе құрамында 3000-3200 антиген болды. Ал 2000 жылдардан антиген саны 56-ға қысқарды, яғни ағзаға жүктеме бірнеше есеге азайды. Қазіргі вакцина тазартылған, жеңіл әрі сапалы.
Қазір елімізде шетелдік 64 вакцина тіркелген, бір екпе ғана отандық. Туғаннан балаларға салынатын 11 вакцина бар. Қосымша үш ерікті екпе бар. Бірақ осы күні ине ұшымен енген екпеден «ауырды не көз жұмды» деген ресми мәлімет тіркелмеген.
Вячеслав Локшин, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, акушер-гинеколог:
- Бірде церебралды сал ауруымен ауыратын жүз баланың ағзасын зерттедік. Ұзақ зерттеп, вакцинаның салдары жоқ екендігін анықтадық. Көбіне анасының денсаулығына, күтіміне байланысты болып шығады.
Вакцинация жайлы дау бұрқ еткенде, екпеге қарсылар қатары көбейді деген қауесет тарады. Дәрігерлер бұл жаңсақ пікір екенін айтады. Былтыр 6003 адам ғана бас тартқан. Елордалық педиатр бірнеше аңыз пікірді жоққа шығарды.
Виктория Виниченко, №4 қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Аллергия, демікпесі бар, неврологиялық аурулары бар балалар егуге болмайды деген дұрыс емес, вакцина жасалуы тиіс. Ағылшын докторы Уэйкфелдьтің «Вакцина аутизмге шалдықтырады»деген еңбегіне дәлел табылмады. Кері әсері туралы көп айтады, ал қазір егілетін жасушасыз вакцина еш ауру тудырмайды.
Дәл осы екпелерге қатысты Денсаулық кодексіне арнайы норма да енгізілді. Ешкім ешкімді мәжбүрлеп екпе салмайды. Ата-ана құқы сақталған.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үш мың ұсыныс келіп түсті. 717 түзету енгізілді. Бұл –өте маңызды заң жобасы. Кодекстің 80% өзгерттік. Халық сапасына сенбейді. Сондықтан вакцина өндіруші, оны тасымалдаушыларға жауапкершілік қатаңдатылды.
Бұл тақырып қоғамда біраз талқыланды. Ата-аналар мен білікті сарапшылар, дәрігер мамандардың басы қосылып, талай сауалға тұщымды жауап берілді. Қауесеттің беті ашылды. Осынау отырысты ұйымдастырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Ұлт саулығы сынға түскен кезде халықтың пікірін ескеру маңызды»,–деді.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Біз әр азаматқа заң тұрғысынан толық түсіндіруіміз қажет. Қазір бүкіл әлемді шырмап алған вирус жағдайында вакцинацияның өзектілігі артып отыр. Екпеге қарсы азаматтардың пікірін ескермеуге болмайды. Себебі бүкіл қоғамның саулығына қатысты мәселе. Осы үлкен жауапкершілікті бірге атқаруымыз қажет.
Кезінде сербиялық вакцинаның сапасыздығы анықталды. «Халықтың екпеге шүйлігуі де содан», –дейді мамандар. Ресми мәлімет, былтыр елімізде 1200 бала түрлі жарақаттан көз жұмған, ал вакцинадан шетінеу фактісі тіркелген жоқ.
Авторы: Индира Жылқайдарова