Қызылорда облысында жүздеген турист ақшасын қайтара алмай жүр
Туртоптамаға сұраныс төмендеген шақта Қызылордадағы 8 агенттіктің біреуі ғана нарыққа қайта оралды.
Бүкіләлемдік пандемия саяхаттауға асық жандардың да жоспарын күйретті. Қазіргі таңда жүздеген сырбойылық азамат демалысқа алдын ала салған қаржысын қайтара алмай жүр.
Айсалбаевтар отбасы Түркияға барып тынығуды екі жылдан бері жоспарлап жүрген. Ағымдағы жылдың қаңтарында алғашқы жарнасын төлеп, жазғытұры теңіз жағасында қыздырынып демалуды армандап та қойған. Наурыз айында күшіне енген шектеулерге байланысты жоспарлары күйреген.
Қайрат Айсалбаев, қала тұрғыны:
- 6 ай бұрын тапсырыс беріп қойғанбыз. Туртоптама құнының 30% төледік. Жаһанды жайлаған індет отбасылық жоспардың күл-талқанын шығарды. Енді ақшамызды қайтара алмай, турфирманың есігін аңдып жүрміз.
Алдын ала брондауға төленген ақшаның қайтымы қиын екен. Агенттіктер тұтынушылардың салымын туроператорларға жолдайды. Олар қаржыны әуе компаниялары мен қонақүйлерге аударады. Туристік фирма өкілдерінің айтуынша, туроператорлар тұтынушыға балама бағыттар ұсына алмаған жағдайда ғана қаражат қайтарылады.
Перизат Әбілқасымова, туристік агенттік директоры:
- Қазір қозғалыс шектелді. Саяхатшылар нөпірі жоқ. Сондықтан сапардан бас тартып, ақшасын кері қайтарғысы келетін азаматтардың сұрауын біз өтей алмай отырмыз. Жергілікті туроператор басқа нұсқа ұсына алмайды. Бұл рейс толығымен Қызылордадан алынып тасталады. Дегенмен төлемді қайтаруға қатысты шаралар қабылдап жатырмыз.
Елена Ким, туристік агенттік менеджері:
- Бұл кезеңде жұмыс қызып, үлгермей жататынбыз. Түнгі 23:00-00:00-ге дейін құжаттар рәсімдейтінбіз. Қалыптасқан жағдайға орай қазір меңіреу тыныштық. Тек қолдан келері – күту.
Күрделі жағдайды реттеуге мемлекет араласуы тиіс. Бұл – жергілікті турагенттіктердің ұсынысы, жанайқайы. Дербес субсидия, жеңілдетілген несие және чартерлік рейстердің бағасын түсіру отандық турбизнеске ауадай қажет.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев