Алматыдағы 300 адамға арналған зертханада күніне мыңнан аса адам сараптама тапсырады
Зертханалардың алдында адамдар сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Мәселен, Алматыдағы 300 адамға арналған мобильді зертханада күніне мыңнан аса адам сараптама тапсырады. Қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретін тест бағасы арзандай ма?
«Нұрлы тау» бизнес орталығында орналасқан мобильді зертхана әу баста күніне 300 адамнан сараптама алуға есептелген. Бірақ келушілердің саны соңғы күндері күрт өскен. Себебі мұнда сараптама тапсыру ыңғайлы. Тұрғындар көліктен шықпай-ақ коронавирус инфекциясына тест тапсыра алады. Алдымен сауалнама толтырып, дене қызуын тексерген соң жүргізушіден сараптама алынады.
Ғалымжан Тоғызбаев, мобильді зертхананың серіктес құрылтайшысы:
- Соңғы күндері адам саны күрт өсіп кетті. Көріп отырсыздар, қанша көлік, қанша адам тұр. Қазір күніне тапсырған адамдар мыңнан асады.
Аурудың бар-жоғын анықтауға келген азаматтар мұнда таңғы 06:00-ден бастап кезекке тұратынын айтады. Ал зертхана жұмысы 09:00-ден басталады. Соған қарамастан ыңғайлы әрі арзандау болғандықтан, келушілер кезекте 2-3 сағаттап тұруда.
Тест бағасына келсек, бұл жерде басқа зертханаларға қарағанда арзандау. Дегенмен қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретіні анық.
Оралбай Атабаев, қала тұрғыны:
- Бір адамға 15500 тг алады екен. Қалтасы таяз адамдар да бар, отбасыға біраз салмағы түседі. Өйткені біреудің 4-5 баласы болады. Сонда 15500 тг-ден есептесе, ол қанша болады? Отбасыда бір адам жұмыс істесе, оның тапқан ақшасы жете ме?
Мобильді зертханаға жаяу адамдар да тест тапсыра алады. Келушілердің арасында алдын ала жазылып, тіпті ақшасын төлеп қойғандары бар. Солай бола тұра, кезекті сақтауға тура келеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов