Өскеменде жаңадан салынған мектептен шу шықты
Онда қасбеттің жабындысы опырылып, мектептің төбесінен суы сорғалап, ауласы абаттандырылмағаны айтылған. Өткен қыста ғана құрылысы аяқталған білім мекемесінің жағдайы шынымен солай ма?
Қалада білім беру нысандарының жаңа оқу жылына әзірлігі апта сайын тексерілетін болған. Бұл бақылаудан Ахмер кентінде салынған жаңа мектеп те тыс қалған жоқ. Әсіресе білім мекемесі ауласындағы қоршаудың қисайып, балалар алаңының қалай болса солай жасалғаны көзге ұрып тұр.
Мектеп ауласын абаттандырып, коммуникация және инфрақұрылым жарақтау жұмыстарына 511 млн теңге қаражат бөлініпті. Енді жауапты мердігер мекемеге көрсетілген кем-кетіктерді қалыпқа келтіру үшін 3 апта уақыт берілді.
Мерей Әкімжанов, Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Балаларға арналған алаңға қиыршық тастар дұрыс төселмеген. Ал көктемде еріген суға байланысты ақаулар байқалды. Соны мердгер компаниялар жөндеп жатыр.
Ал мектеп ғимаратының сапасына басқа құрылыс компаниясы жауапты. Одан да аздаған кемшіліктер анықталған. Қасбеттегі жабынды сөгіліп, конусты төбеден су тамшылапты. Алайда барлығы әп сәтте жөнделген екен. Білім ордасын барлық талапқа сай салып шықтық деп шырылдаған құрылыс компаниясының өкілдері: «Ондағы әр сыныпты, әр бөлмені мұқият әрледік», – дейді. 12 млн теңгеге роботты кабинетті өз күштерімен жабдықтап, бақылау мониторларын да жеке қаражаттарына құрыпты.
Ішкі безендіруде тек қауіпсіздікке емес, дизайнерлік ұстанымға да басымдылық берілген. Өйткені білім ошағының заманауи үлгіде болуы шарт. Сондықтан кепілдік бойынша жөнделетін кем-кетікке бола бүкіл еңбекті жоққа шығарған әкімдікке өкпесі қара қазандай.
Азамат Нұрсұлтанов, мердігер компанияның қаржылық директоры:
- Ол кепілдіктерді әрқашан орындауға дайынбыз. Біз бұл мектепті салар кезде Назарбаев зияткерлік мектебінің сапасынан кем болмасын деген оймен сол талаптарды орындауға атсалыстық. Неге десеңіз, біріншіден, балалардың мәдениеті мен білім сапасын көтеру үшін. Екіншіден, балалар оқыған жерінде өздерін жайлы сезіну үшін.
«Білім ордасының әрбір шегесі дұрыс қағылып, әр кірпішінің түзу қаланғаны керек», – дейді білім бөліміндегілер. Олар қазірден бастап мектептердің оқу жылына сақадай сай тұруын қадағалауға көшкен.
Ақерке Абылайхан, қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Дизайнерлік жағынан қалай көркемделгенін көріп отырсыздар. Мектеп ішіндегі пән сыныптары жақсы жабдықталған. Дегенмен де әр құрылыс жұмысында мұндай мәселелер туындайды. Мұның барлығы басқа құрылыс компанияларына үлгі болуы керек.
Мектеп құрылысына 2 млрд 400 млн теңге бөлініпті. Өткен қыстың желтоқсанында салынып біткен білім ошағы алдағы күзде мың баланы қабылдайды деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин