Павлодардағы онкологиялық диспансер жаңа ғимаратқа көшірілді
Медицина қызметкерлері төл мейрамдары қарсаңында осындай тосын сыйға ие болды. Енді күрделі операциялар мен ем-дом шаралары кең әрі заманауи құралдармен жабдықталған диспансерде жасалады.
Медицина үздігі, жоғары дәрежелі дәрігер Ульфат Боромбаев институтты тәмамдаған бойда жолдамаман Павлодарға келді. Алғашқы операцияларын дәл осы бөлмелерде жасапты.
Ульфат Боромбаев, жоғары дәрежелі хирург, хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі:
- Бұл жерде 22 жылдай жұмыс істедім. Осы операциялық бөлімде күніне бірнеше операция жасадық. Әрине, жаңа диспансермен салыстыруға келмес. Күн сәулесі түспейтін бөлмеде еңбек еттік. Осындай қолайсыз жағдайға қарамастан, жоғары технологиялар мен инновацияларды енгіздік. Тәжірибемізді молайтып, жастарға үйреттік.
Облыстық онкологиялық диспансер 70 жыл бұрын салынған ғимаратта орналасқан. Медициналық қызмет көрсету талаптарына жауап бергенімен, нысанның өзі стандарттарға сай келмейді.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл - ескі жатақхананың ғимаратында орналасқан бұрынғы онкологиялық диспансер. Тар бөлмелер мен тозығы жеткен есік-терезелер. Онколог-мамандар осындай жағдайда ұзақ мерзім бойы жұмыс істеді. Ондаған жылдың ішінде мыңдаған операция жасалып, науқастардың көбі ауыр дерттерінен айығып шықты. Ал бұл – облыстық онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты. Оның жалпы аумағы 24 мың шаршы метрден асады. Бұрынғы емдеу мекемесінен бес есе үлкен. Құрылысына мемлекеттік бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар заманауи құралдармен жабдықтауға қомақты қаржы жұмсалды.
30 жылдық еңбек тәжірибесі бар Ульфат Боромбаев операцияларын енді замануи блокта жасайды. Бұрынғы диспансерде небәрі үш бөлімше болса, жаңасында бес бөлімше.
Ульфат Боромбаев, жоғары дәрежелі хирург, хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі:
- Мұндай операциялық блокта жұмыс істеу бір ғанибет. Осындай операциялық бөлімдер облыста кемде кем. 3Д видеожүйесі, лабороскопиялық операцияларды жүргізуге арналған құралдармен жабдықталған. Медицина нарығындағы ең үздік генераторымыз бар. Қуанышымызда шек жоқ!
Хирургиялық-реанимациялық блокта 20-дан астам білікті маман еңбек етеді. Ал операциялық боктың аумағы бұрынғыдан үш есе үлкен.
Самал Жетпісбаева, операциялық бөлімшенің аға медбикесі:
- Біз бұрын да жақсы, беделді операцияларды жасағанбыз. Мұнда соны жалғастырудамыз. Жаңа құрал-жабдықтарды алғаннан кейін меңгеріп жатырмыз.
Кешен құрамында 200 орындық аурухана, 100 адам қабылдауға шақталған стационар, операциялық, радиологиялық блоктар бар. Жаңа онкологиялық диспансерде 300-ден астам маман жұмыс істейді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий