Төтенше жағдай кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар әлеуметтік қолдауға ие бола алады
Алайда кейін әлеуметтік желіде енді ай сайын 2600 төлеу керек деген ақпар тарады. Бұл қаншалықты рас? Жалпы бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не? Оны кімдер және қанша мөлшерде төлеуі керек? Бұл төлемнің пайдасы қандай?
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Бала күтуші, такси жүргізушісі, репетитор тағысын тағы. Яғни келісімшартсыз, бейресми жұмыс істейтін азаматтар. Үкімет оларды «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп те атайды. Былтыр билік олар үшін бірыңғай жиынтық төлем деген ұғымды қолданысқа енгізді. Бұл басқа кәсіпкерлер сияқты ресми тіркелу, декларация толтыру сияқты әуреден арылып, бір төлеммен құтылуға мүмкіндік береді. Қысқасы мәртебесін белгілетсе, Үкіметтен тиісті көмегін де ала алады. Мысалы төтенше жағдай кезінде сияқты.
Оның көлемі тұрақты. Ірі қалалар мен облыстар үшін 1 АЕК, өзге өңір тұрғындарына соның жартысы.
Биыл 1 сәуірден бастап 1 АЕК 2778 теңге болып белгіленді. Яки қалалықтар сол 2778 теңгесін, ауыл тұрғындары 1389 теңгесін төлеуі керек. Бұл сома төлемнің төрт түрін қамтиды.
Оның 10% жеке табыс салығы ретінде кетеді. 20% мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым түрінде жіберіледі. 30% бірыңғай зейнетақы қорына жарна түрінде жолданады. Қалған 40% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады. Яғни бүкілі бір төлеммен алмастырылған.
Ал бұл не береді? Төлем жасаған айларыңыз бен жылдарыңыз еңбек өтілі болып есептеледі. Демек, зейнетақы мен жүктілік және бала күтімі сияқты түрлі жәрдемақылардың көлемі де көп болады. Сондай-ақ мүгедектік, жұмысынан айырылған, бала асырап алған жағдайларда әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік береді. Яки бұл әлеуметтік қамсыздандыру құралдарына еркін қол жеткізудің кепілі. Сондай-ақ тегін медициналық көмек те ала алады.
Әлеуметтік желіде даурыққандай, төлемді ай сайын төлеу міндетті емес. Кіріс кіріп тұрса ғана төлем жасайсыз. Қысқасы бірыңғай жиынтық төлем міндетті салық емес. Ерікті төлем. Бірақ зейнетақы жүйесі мен тегін медициналық көмек және әлеуметтік қолдау шараларынан қағылмас үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлем жасағандары абзал.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Зайнұр Байжігіт