Дәрігерлер: Тозақта жұмыс істеп жатырмыз
Себебі соңғы кезде ауруханада коронавирус жұқтырып жүгінгендердің қатары күрт артты. Ал бұл өз кезегінде ақ халаттылардың жұмысын екі есеге арттырды. Жыл басынан бері күні-түні үй көрмей жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерінің бұлай деп айтуының да өз себебі бар.
Халық қарапайым санитарлық талаптарды сақтамай, вирустың жылдам таралуына ықпал етуде. Ал емдеу мекемелері болса «орын жоқ» деп ауырғандарды қабылдаудан да бас тартып жатыр. Өйткені ауруханалар науқастарға лық толып, тіпті дәліздер аузы-мұрнынан шықты.
Елімізде пандемия басталған сәтте Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялап, көптеген мекеменің жұмысын уақытша тоқтатты. Халық жаппай үйлерінде карантинде отырды. Осылайша вирустың өршуі бәсеңдеген еді. Бірақ экономиканы қалпына келтіру үшін карантин тәртібі жеңілдетілді. Денсаулық сақтау министрлігі халықтың жауапкершілігіне сенім артып, санитарлық талаптар қатаң түрде сақталады деп ойлағаны жасырын емес.
Көптеген адам вирустың барына сенбеді. Енді қазір қанша танысы ауырып жатқандығын санап жарысуда. Вирус жұқтырғандардың статистикасына қарасаң, төбе шашың тік тұрады. Қаза тапқандардың да қатары күн санап артуда. Денсаулық сақтау саласына үлкен ауыртпалық түскені айдан анық. Тіпті ауруханалар науқастарды қабылдаудан бас тартып жатыр.
Ал кей тұрғындар болса, «дәрігерлер емдемей жатыр» деп қашуға тырысу үстінде.
Үлкен ауыртпалықты сезінген дәрігерлер көздеріне жас алып, халық сақтық шараларын қолға алса деп сұрайды. Себебі алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандар 5 ай бойы үйлеріне бармаған. Өлім мен өмірдің арасында жатқан жандарды құтқару үстінде.
Сәуле Атығаева, Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас инфекционисі:
- Мен 28 жыл еңбек етіп келемін, мұндай сұмдықты көрген емеспін. Көз алдыңда адам қайтыс болады. Бұл өте ауыр. Мұның барлығы адамдардың жауапсыздығынан. Бір-біріне қонаққа барып, вирус жұқтырады. Біз барлығымыз депрессияға қарсы дәрі ішіп жүрміз. Өйткені мұндай сұмдықты күнде көріп жұмыс істеу мүмкін емес.
Жанкештілікпен қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың жанайқайы осындай. Елде «италиялық сценарий» болмас үшін жауапкершілік танытып, сақтық шараларын қолға алған жөн. Өйткені ертең дәрігерлер алдында кімді өлім аузында қалдырып, кімді құтқарамын деген таңдау тұруы да ғажап емес.
Авторы: Риат Шони