Хабар телеарнасы

«Қорғас» ШЫХО азаматтарды қабылдауға дайын

Соңғы аптада шет мемлекеттермен әуе қатынасы арқылы рейстер де ұша бастады. Еларалық теміржол қатынасы жанданды. «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы келушілерді қабылдауға дайын. Ондағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Әлемдік пандемияға байланысты жағдай тұрақталса, бұл орталық заман талабына сай қызмет көрсете бастайды. Ол жер бұрын қандай еді? Қазір не өзгерді?

«Қорғас» құрылғанда былайғы жұрт бұл жерде үлкен орталық болады және ол халықаралық деген атына заты сай деңгейде қызмет көрсетеді деп ойлаған еді. Алайда мұндағы жағдай мүлдем басқаша қалыптасты. Нақтырақ айтсақ, халықаралық орталық қан базарға айналып кетті. Алматының «барахолкасынан» еш айырмасы болмады. Келушілер көрші елден алған тауарларын көп күтетіндіктен, ұзынсонар кезек пен кептеліс пайда болатын. Осы келеңсіздіктерді жою үшін орталық өз қаржысы есебінен 70 млн теңге бөліп, көпсалалы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы орталығына келушілер бұрындары тауарларын екі-ақ жерден алып өтетін. Қазір мұнда мынадай 6 турникет қойылды. «Ол өз кезегінде кептелісті болдырмауға оң әсер етеді», – дейді мамандар.

ҚХР-дан Қазақстан аумағына өтуге арналған ғимаратты жөндеу жұмыстары ақпан айында басталып, 7 мамырда аяқталды. Кеденшілер мен шекарашылардың халыққа сапалы қызмет көрсетуіне барынша жағдай жасалған. Әсіресе қауіпсіздік шараларына айрықша көңіл бөлініп отыр.

Рауат Еңсебаев, «Қорғас» ШЫХО АЭА күрделі жөндеу басқармасының басшысы:

- Аумағы 260 шаршы метрлік едені толық құйылып, ішіндегі темір қоршаулары әйнекке ауыстырылды. Сонымен қатар пандемияға байланысты 12 дене қызуын бақылайтын аппарат пен қосымша бейнебақылау камералары қойылды.

Нұржан Сатубеков, «Қорғас» ШЫХО басқарма төрағасының орынбасары

- Қазіргі уақытта Қытай жағынан 7 қабылдау пункті ашылып, біздің операторлармен байланысып, осы пункт арқылы өтеді. Анализ жасап қарадық, кептеліс тауардың көптігіне байланысты тексеріс кезінде уақыт алады. Сол себепті жүкті пошта арқылы өткізуді жөн көрдік.

Енді мұнда келушілер көпсалалы ғимарат арқылы салмағы 5 келіден аспайтын қол жүгімен ғана өте алады. Ол үшін бірыңғай оператор 30 автобус пен 30 такси шығарды. Жүкті солар қабылдап, өз көліктерімен терминалға апарып тапсырады. «Бір айта кетерлігі, баға бұрынғыдай 2 мың теңге көлемінде болмайды, өседі. Біз бір мезетте 38 мың келушіні қабылдауға әзірміз. Оларға 28 мыңға жуық маман сапалы қызмет көрсетеді», – дейді халықаралық орталықтағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов