Коронавируспен күресте көзге түскендер марапатталды
Сондай-ақ індетпен күресте көзге түскендерге арналған жаңа медаль пайда болды. «Халық алғысы» деп аталады. Бұл марапатты таяуда Мемлекет басшысының өзі бекітіп берген болатын. Аталған сыйлық өзінің алғашқы иегерлеріне табысталды. Құрметке ие болғандардың саны 300-ден асады. Арасында дәрігер, полицей, волонтерлер мен меценаттар, мәдениет, білім өкілдері мен журналистер де бар. «Biz birgemiz» деген атпен өткен онлайн-форумға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, барша марапат иесін құттықтады. Халықтың атынан алғысын білдірді.
Алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылардың қай қайсысынан сұрасаңыз да айтары бір. «Дәл бүгінгідей қатерлі пандемияны көрмедік», – дейді. Онысы рас. Коронавирус әлем медицинасы үшін ауыр сынақ болып тұр. Бірақ біздің дәрігерлердің өмір мен өлім арасындағы жанкешті еңбегін айтпауға болмайды. Гиппократ антына адалдығының бір белгісі болар, марапат алып жатса да, палатада қалған науқастарының жайын ойлап тұрғандар да болды.
Тимур Лесбеков, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлімше басшысы:
- Таңертең өз әріптесіме жансақтау аппаратын орнаттым. Бұл өте қорқынышты. Біз үшін үнемі жұмыста болғанымыз, отбасымыздан жырақта жүргеніміз емес, вирустың шекараға бағынбайтыны қорқынышты. Десе де біз науқастарды көрер жарығы бар немесе жағдайы нашар деп бөлмейміз. Бәрін бірдей емдеуге тырысып жатырмыз. Вирусты жеңу үшін тек дәрігерлердің еңбегі жеткіліксіз. Тұтас халықтың бірігуі маңызды.
Жасыратыны жоқ, бізде дәрігер, полицей – ең жиі сынға ұшырайтын қызметтің бірі. Арыз да, шағым да көбіне соларға айтылады. Ал індет таралған соңғы төрт айда бар салмақ соларға түсті. Әсіресе карантин шараларының сақталуын қадағалаған полицейлердің еңбегі өлшеусіз. Тіпті халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін өмірін қатерге тіккендері де болды. Көз жұмғандары да бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіздер күрделі Төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл – оңай жұмыс емес. Тіпті қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қызметкерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайлар бүкіл құқық қорғау органының беделіне зиян келтіреді. Дегенмен тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.
«Халық алғысын» алған Артур Ботабековтің марапаты кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келді. Ол карантин кезінде 75 күнін блокбекетте өткізіпті.
Артур Ботабеков, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің инспекторы:
– Әрбір күніміз «ауырып қаламыз ба,туған-туыстарымызға жұқтырамыз ба» деген қорқынышпен өтті. Өйткені күн сайын мыңдаған адаммен кездесесің, індет қай жағыңнан, қашан тап берерін білмейсің. Апта сайын сынама тапсырып отырдық. Марапат алып тұрып, сол еңбегіңнің еш кетпегенін түсінеді екенсің.
Ал «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Маркті көпшілік карантин кезіндегі тікелей эфирлері арқылы жақсы таныса керек. Ол екі айға жуық күн сайын блокбекеттен хабар таратты. Төтенше жағдай оның сүйіктісімен бетпе-бет жүздесуіне мүмкіндік бермеді. Сондықтан тікелей эфир арқылы қалыңдығына сөз айтып, тұрмысқа шығуға келісімін алды. Екі жас тура он күннен соң некесін қиғызбақшы.
Марк Брюшко, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:
– Әрине, үйлену тойын кейінге қалдырып отырмыз. Еліміздегі жағдайдың тұрақталғанын, вирусты толық жеңгенімізді күтеміз. Елімізде біз секілді үйлену тойын кейінге қалдырып отырған қаншама жас бар. Біз бір кісідей жұмылсақ қана пандемияға қарсы тұра аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіздің сапалы репортаждарыңызды мен білемін. Сіз коронавируспен күрес жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттауға және оны халыққа түсіндіруге үлес қостыңыз. Жаңа марапат өз иесін тапты деп ойлаймын. Отбасылық өмірде бақыт тілеймін. Әрине, күресе жүріп, махаббатты да ұмытпау керек.
Қазақстанда ауырғандардың саны жүз мың азаматқа шаққанда 80-нен сәл асады екен. Әлемдік статистикамен салыстырсақ, бұл – орташа көрсеткіш. Тым жаман емес, бірақ жақсы деп айтуға да келмейді. Соңғы уақытта індеттің өршіп кетуі салдарынан ауруханаларда төсек-орын жетіспеушілігін, қажетті препараттардың тапшылығын тартып жатырмыз. Үкімет мәселені шешуде қарап отырған жоқ. Қамданып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін біз еркінсіп кеттік, оны мойындау қажет. Кейбір азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер «қауіпті кезең артта қалды, өтіп кетті» деп ойлады. Кей азаматтар мұндай ауру жоқ деген өсек-аяңға сене бастады. Бірақ COVID-19 әлі де болса үлкен қатер төндіріп тұр. Сондықтан Үкімет карантин шараларын қайта күшейтті.
Дегенмен Президент күйзеліске бой алдырудың қажеті жоқ екенін айтады. Әрбір дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл кезең де сілкінуге сеп болғалы тұр.Тек күрделі сынақты еңсеретінімізге, жеңетінімізге сенім болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдерін еңсеріп келеміз. Баршаңызды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Осы індеттен құтылған соң Елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін! Біз міндетті түрде жеңеміз! Себебі біз біргеміз!
Індетті жеңу үшін жаңалық ашудың қажеті жоқ. Қарапайым талаптарды сақтау жетіп жатыр. Бұл – бетперде тағып жүру, тазалық сақтау, әлеуметтік қашықтықты ұстану. Президент «Сақ жүрсең, сау жүресің» қағидасын ұстануға шақырды.
Авторы: Шынар Асанқызы