Жедел жәрдем бригадалары коронавирусқа тест сынамаларын алады
Жауапты сала басшысы диагностикалық зертханалардың мүмкіндігін молайту үшін тамыз айының соңына дейін 20 ПТР-анализатор сатып алынатынын жеткізді. Сол арқылы Ұлттық сараптама орталығының тесттен өткізу қабілеттілігі 2 жарым есе артуы тиіс. Жедел жәрдем көліктерінің саны да көбейтіледі. Елде қажетті медициналық препараттардың жеткілікті қоры өндіріліп, өңірлерге жеткізу жолға қойылады. Рентген-аппараттар компьютерлік томографиямен бірге COVID-19 емдеудің клиникалық хаттамасына енгізіледі. Бұдан бөлек, ел бойынша 10 мың қосымша төсек-орын дайындалып, 1 мыңға жуық өкпе желдеткіш аппараты сатып алынады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Халықты тестпен қамтамасыз ету үшін жедел жәрдем бригадалары тест алады. Сынамаларды жинайтын орындар көбейеді. Әр аймақта эпидемиологиялық ахуалға байланысты қажеттілікті анықтап, халықты мейлінше тез тесттен өткізуге кірісеміз. Қазір жедел жәрдем бригадалары отандастарға уақытында көмек көрсете алмай жатыр. Шақыртулар көбейіп кеткен. Сондықтан қосымша 807 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Шетелдегі «Corona-TAXI» тәжірибесін енгізу жайын да қарастырамыз.