Елімізде электр энергиясы қымбаттайды
Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Электр қуаты нарығынан алынатын табыстың көп бөлігі станция жабдықтарын жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталуы тиіс. Алайда, болжамдық бағалаулар бойынша бұл қаражат өзінің парктік ресурсын өтеген станциялардың жабдықтарын жаңғырту мен жаңартуды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Осылайша, станциялардың тозу деңгейі жылдан-жылға артып келеді және қазіргі уақытта шамамен 60% құрайды. Осыған байланысты электрмен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр», - деді А. Дәрібаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде. Оның сөзіне қарағанда, энергия өндіруші ұйымдардың (ЭӨҰ) шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі ЭӨҰ шығындарын толық көлемде жаппайды және станциялар электр қуаты нарығынан кірістердің бір бөлігін ағымдағы шығындарды жабуға бағыттауға мәжбүр болады. Бұл факт электр қуаттарының авариялық істен шығуының, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуінің оқиғаларымен расталады. Осындай жағдай Қазақстандық тұтынушыларды көрші елдерден электр қуаттарын реттеу жөніндегі қызметтерді жылына 8 млрд теңгеден астам сомаға сатып алуға мәжбүр етеді. Бұл да электр энергиясының түпкілікті бағасына әсер етеді», - деді департамент басшысы.