Шығысқазақстандық волонтерлер бір апта ішінде 2000 отбасыға көмек берді
Тек соңғы бір апта ішінде жастардың қолдауымен 2 мың мұқтаж отбасы көмек алды. Олар бір жанұяға дәрі-дәрмек алуға сеп болса, енді біріне азық түлік жеткізіп беріп жатыр. Жақында тіпті қамқор қыз-жігіттер Өскеменде баспанасыз қалған зейнеткерге пәтер сатып алып берген.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Күлпара Сқақова соңғы 5 жылда тек пәтер жалдаумен жүрді. Тапқан таянғанын пәтерақыға беріп, әбден таршылық көрген ана үшін, мінеки, қуанышты күн де туды. Ерасыл Уатаев бастаған еріктілер зейнеткердің жағдайын біліп, «оған қайтсек те, көмектесеміз» деп жанталасыпты. Сөйтіп басынан қиындық кетпеген отбасына жастар пәтер сатып алып берген. 65 жастағы ананың қосағы мен үлкен ұлы өмірден озған соң 4 жыл бұрын қаладағы кіші баласына келген екен. Алайда ол аяқ асты істі болып, сотталып кетіпті.
Күлпара Сқақова, зейнеткер:
- Әжетхана жусам да, еден жусам да , ол ұлға бару үшін зейнетақым жетпейді. Алатыным аз ғана: алпыс-ақ мың теңге. Далада жүрдім ғой, шынын айтқанда. Бүгінде кейде пәтерақыны төлей алмай қаламыз. Шығып қаласың, сосын тағы іздейсің, жұмыс іздейсің. Сол қиыншылық көп түсіп кетті, алатын алпыс мың теңгеміз жетпейді.
Волонтерлер мұқтаж жанұяның пәтеріне керек заттарды әперуді де ұмытпады. Ал қайырымды жастардың бірі Ахат Айдаровтың оқиғасы тіпті ерекше. Ол жақында Ертіске батып бара жатқан кішкене бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалған.
Ахат Айдаров, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Біз Ертіс жағалауында жұбайымыз екеуміз серуендеп жүр едік. Бір кезде жан ұшыра көмекке шақырған әйелдің дауысын естідік. Сөйтсек, екі жастағы баласы өзенге құлап кетіпті. Мен ойланбастан суға түсіп, әйтуір аман-есен алып шықтым.
Сол көзсіз ерлігі үшін үшін оған қаладағы ірі өндіріс кешені 500 мың теңге сыйақы берген. Алайда жүрегі кең азамат ол қаражатты қаладағы қоғамдық бірлестікке барып өткізді. Олар болса, ақшаны қиын жағдайда қалған адамдарға үлестіріп берді. Жанат Башимованың отбасы «бұл бөлінген көмекті ескі пәтерімізді жамап, жасқауға жаратамыз» деп отыр. Жалпы облыста пандемия кезінде мыңнан астам волонтер түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин