Семейде жолақы қымбаттауы мүмкін
«Semey Bus» серіктестігі өкілдерінің айтуынша, олар мұндай қадамға қиын қаржылық жағдайға байланысты баруға мәжбүр болып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорын шығынға ұшыраған. Оның үстіне кредиторлар мен қызметкерлер алдында жалақы бойынша қарыздары тағы бар. Ал карантин кезінде автобустар күні бойы жұмыс істемейді. Егер автопаркке субсидия берілмесе, жол жүру ақысын өсіретін болады. Соңғы рет шаһарда тариф 2017 жылы 80 теңгеге қымбаттаған.
Бейбіт Қабдолла, кәсіпорын директорының міндетін атқарушы:
- Бұлай болады деп ойламадық. Жолаушылар саны азайып кетті. Ал шығын күннен-күнге артуда. Бұдан бөлек жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер де қымбаттап жатыр. Жұмысшыларға жалақы беру мәселесін шешуіміз керек. Оның үстіне былтыр несие алып, 50 автобус жаңарттық. Ал соңғы 3-4 айда оның берешегімізді қайтара алмай отырмыз.