Коронавирустан жазылып шыққандар өзін 3 айға дейін нашар сезінеді
Себебі індетті жеңіп, жазылып шыққандар өзін 3 айға дейін нашар сезінеді. Ауырғандардың көбі бойында әлсіздік бар екенін айтып отыр. Коронавирус салдарын жою үшін не істеу керек? Дәулетхан Есімов күнде сағат таңғы 07:00-де саябаққа келіп, тыныс алу жаттығуларын жасайды.
«Коронавирус инфекциясына шалдыққанға дейін де ол денесін шынықтыруға көп көңіл бөлген. 2 апта бойы ауруханада жатқанның өзінде ол бөлменің ішінде 5 шақырым қашықтықты жүріп өтуге тырыстым», – дейді.
Дәулетхан Есімов, қала тұрғыны:
- Емделіп, ауруханадан шыққанда басым қатты ауырды. Тыныс алуым қиындады. Тәбетім ашылмады. Сондықтан көп дәрумен қабылдадым. Далаға шығып жүрдім. Сөйтіп өз-өзімді қалыпқа келтірдім. 1 айдан кейін барып компьютерлік томография жасаттым. Сонда дәрігерлер таң қалды. Өкпем толықтай қалпына келді. Барлық науқасқа төсек тартып, үйде жата бермеу керектігін айтқым келеді.
Ал Мөлдір Молдағалиева бүкіл отбасымен ауырып шыққан. Ол дәрігердің нұсқаулығына сәйкес ем-дом қабылдағанын айтады. Алғашында өкпесі ауырып, иіс пен дәм дәм сезбей қалыпты. Індеттен арылғанымен, әлі күнге дейін көп терлеп, тез шаршаймын дейді. Ағзасын қалпына келтіру үшін Мөлдірдің отбасы қымыз бен сорпаны жиі ішкен екен.
Мөлдір Молдағалиева, қала тұрғыны:
- Шілденің басынан бастап симптомдардың барлығы азайып, жалпы өзімнің денсаулығымының жақсы болғанын сезгеніммен, қазірдің өзінде жазылғаныма 2 апта өтсе де, ұйқы қанбаса шаршаңқылық, тершеңдік болады. Физикалық белсенді болсам, тез шаршап қаламын. Белдің ауруы бар. Өзімнің организмімді сеземін, толықтай жазылып кеттім деп айта алмаймын. Әлі де білінеді.
Дерттен айығып шыққандар әлеуметтік желілерде өзін қалай сезініп жүргендерімен бөлісіп, бір-біріне жарыса кеңес беріп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, алаңдаудың қажеті жоқ. Мұндай белгілер 2 аптадан 3 айға дейін созылуы мүмкін.
Аягөз Оразбекова, пульмонолог:
- Организм вируспен алғаш рет кездескен соң иммунды клеткалар түзу уақыты ұзаққа созылады. 1-3 айға дейін әлсіздік сақталады. Иммунитеттің жұмыс жасауы мен неврологиялық тұрғыдан байланыстыруға болады. Не істеу керек? Егер де өкпе қабынуы болса, демалу жаттығуларын жасау қажет.
Коронавируспен ауырып шыққандардың арасында үрей-қорқынышқа беріліп кететіндер көп. Сондай-ақ індеттің тез таралуына байланысты күйзеліске ұшырап жатқандар да жоқ емес. Әсіресе, жалғыз өмір сүретін азаматтардың жағдайы қиын. Осындай кездерде, психиатрлар барынша сабыр сақтау қажеттігін айтады.
Сергей Скляр, психиатр:
- Егер адамның психикалық жағдайы тұрақсыз болса, көп күтпей, психологтың көмегіне жүгіну керек. Өкінішке қарай, біздің елде бұл дәрігерлердің қабылдауына бару мәдениеті қалыптаспаған. Ол дұрыс емес. Коронавируспен ауырып шыққандар ашуланшақ болып қалу мүмкін. Сезімталдығы жоғарылайды. Соны бақылап отыру қажет.
Сондай-ақ маман әлеуметтік желілер қоғам психикасына кері әсері етіп отырғанын айтып кетті. Қазір түрлі парақшаларда саланы жетік меңгермеген адамдар жалған ақпарат таратып жатқан деректер аз емес. Ондай жазбаларға мән бермеу керек. «Тек нағыз медицина мамандарының жариялаған мәліметтеріне сенген жөн», – дейді психиатр.
Авторлары: Дариға Ташенова, Болат Абдуллин