Бурабайдағы карантин: қауіп бар, сақтық жоқ
Осыдан он шақты күн бұрын Бурабай мемлекеттік ұлттық паркінің баспасөз қызметі: «Жағажайлар жабылды», – деп хабарлаған еді. Алайда бұл сөз әзірге іске аспай жатыр.
Сәкен Сейітханұлы, тілші:
- Дәл қазір біз Бурабай көлінің жағасында тұрмыз. Ал артымызда алаңсыз демалып жүрген жұрт. Жауапты мамандар демалушыларға барып, бұл жерде суға түсуге рұқсат жоқ екенін айтып еді, құлақ асқан адам табылмады. Барлығының айтатын жауабы бір: «Карантин талаптарын сақтап жүрміз».
Қауіпті індет ауа арқылы жұғатынын ескерсек, мұндағы демалушылар еш сақтанбаған. Тіпті халық нөпіріне қарап арақашықтық туралы айтудың өзі қиын. Осыны ескерген жергілікті билік жағажайларға белгі қойып, шомылуға тыйым салған еді. Нәтиже жоқ. 8 адамға айыппұл салды, тағы да ескеріп жатқан жұрт жоқ. Мамандардың айтуынша, айыппұл салудың өзі – қиын әрі ұзақ үрдіс. Сондықтың жауапсыздық әлі де жалғасып жатыр.
Қасымхан Мәжіков, Бурабай ауданы әкімінің аппарат басшысы:
- Қысқа және бәріне түсінікті жүйе болғанда, менің ойымша, республика деңгейінде қабылданса, осы жұмыс тезірек өтер еді деп ойлаймын.
Аудан әкімдігі қолдан келетін мүмкіндікті пайдаландық, ендігі қадамды жауапты министрліктер жасау керек деген емеурін танытты. Әрине, қатал әрі еш қағазбастылықты талап етпейтін шектеу болса, мұндағы демалушылар аз болар ма еді.
Қасымхан Мәжіков, Бурабай ауданы әкімінің аппарат басшысы:
- Аудан тұрғындары мен қонақтарына айтарым: осы карантин уақытында жағажайларға бармауыңызды және санитарлық нормаларды сақтауыңызды шақырамын.
Теледидар арқылы күндіз-түні карантин талаптарын сақтау туралы айтылып жатыр. Вирустың қаупі жоғары екені де көрсетіліп келеді, кейбірі көріп те жүр. Мәселен, дәл осы Бурабай ауданында осы уақытқа дейін 217 адам індеттің ілмегіне ілінген. 8 адам қайтыс болған. Осы сияқты ақпараттарды қаперге алып, жұрт демалысты азайтса, құба-құп, әрине.
Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Ерлан Наурызбаев