Кейбір қазақстандықтар азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем алады
«Қазақстандықтар 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды», – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
Бұйрық күшіне енген кезде 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар төлемді ала алады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде оларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі. 5 әлеуметтік топқа:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.
Бұған дейін хабарланғандай коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк карталарына аударылған төлемге ауыстырылды. Биылғы наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген. Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.