Хабар телеарнасы

Көбейтұз көлінің адамға берер ешбір емдік шипасы жоқ

Kobeituz koli

Ақмола облысындағы ерекше орын бірнеше күн бұрын карантинге жабылған еді. Бірақ соған қарамастан, демалушылар әлі де ағылып жатыр. Көпшілігі бұл көлдің емдік қасиеті бар деп есептейді. Тіпті осы мақсатта оның түбіндегі тұзды шелектеп әкетіп жатыр.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Ел арасында «қызғылт көл» атанған Көбейтұз көлі карантинге жабық. Бірақ соған қарамастан, келіп жатқан халықтың қарасы көп. Олар текке келіп қана қоймай, өздерімен тұз жинап алып кетеді екен. Қазір мына жердің тереңдігін көрсетейін қолым батып барады. Осыншалықты экологияға зиянын тигізіп жатқанын кейбір тұрғын түсінбейді де екен.

Келуші:

- Остеохондрозға ем. Әлі батпақ көп қой. Мен бірінші рет алып кетіп тұрмын. Бір бөтелке ғана аламын.

Келуші:

- Баламен қиын емес, ем су болғаннан кейін келдік. Карантинге жабылғанын білмейміз. «Бұл су – 7-10 жылда шығатын су», – дейді. Сондықтан келіп түсіп жатырмыз.

Иә, баламен ем іздеп немесе қыдырып жүргендер жетерлік. Дегенмен, керемет қызғылт көлді көре алмайсыз. Себебі бұл маңдағы тұзды, батпақты бөтелкеге толтырып тасығандар көп. Бұл қаншалықты дұрыс? Ойланып көрдіңіз бе? Жоқ! Себебі жан-жақта осы жердің тұзының пайдасын айтып жарнамалаушылар көп. Ал тұзды зертхана тексерткен мамандардан сұрадық.

Зұлпыхар Жолдасов, Экология реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

- Тұзында ешқандай бір ерекшелік жоқ. Кәдімгі тұз. Ем болатындай суы мен лайында да ерекшелік жоқ. Біз өз тарапымыздан полицияға ұсыныс қалдырып жатырмыз. Мына жерді қолға алу керек. Суды, тұзды әкететіндер мен осы жерді ластайтындармен полиция жұмыс істеу керек.

Көбейтұз көлінің тұзы мен батпағы сіз іздеген емнің дәруі емес. Мүмкін болса, ластамаңыз, қоқыс тастамаңыз. Табиғат берген тамаша жердің игілігі кейінгіге де бұйырсын. Волонтерлер қолдарынан келгенше жергілікті әкімдіктің қолдауымен осы төңіректі тазалап жүр.

Әлібек Қазыбеков, волонтер:

- Бұл жерге келушілер қатары көп. Қоқыс тастап кетеді. Біз соларды жинаймыз.

Көбейтұз 690 гектар аумақты алады. Тереңдігі – 1,5 метр. Ал жерді қазып, лайын ала берсе, төңірек толық қызғылт түстен айырылады. Бұл – Қазақстан бойынша жалғыз осы жерде бар табиғаттың кереметі. Ал әлем бойынша санаулы мемлекеттерде ғана кездесетін құбылыс.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Серік Қоңырбаев