Кенді өлкеде жүк көліктерін бақылау күшейтіледі
Кенді өлкеде қазір шамадан тыс жүк артып, жаңа салынған асфальтты бүлдіретіндерге қатысты шара күшейтіле түсті. Ол үшін жылжымалы көлік инспекциясы мамандары күнделікті рейд өткізіп келеді.
Бұл Қытайдың SHACMAN деп аталатын көліктері қазір Қарағанды жолдарының нағыз сорына айналды. Өзінің салмағы – 25 тонна. Оған қоса тағы 30 тонналық жүк артып алады. Салдарынан жаңа төселген асфальт езіліп, аз уақытта жарамсыз күйге түседі.
Саясат Бекжанов, Облыстық көлік бақылау инспекциясының бас маманы:
– Жаңа өлшеген кезде салмақ параметрі артық екені анықталды. Онымен қатар жүктің тиісті құжаты жоқ. Сондықтан оған 571 заңның 6 тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалады.
Жалпы мамандар тәулігіне 5-6 құқықбұзушылық анықтайды. Соңғы екі аптада осыған ұқсас 71 хаттама толтырылған. Айыппұл көлемі де көліктің ірі не ұсақ бизнес өкіліне тиесілі екеніне байланысты 1 мың АЕК-ке дейін жетеді.
Дастан Жұмақұлов, Облыстық көлік бақылау испекциясы басшысының орынбасары:
– Кестеге сәйкес көлік бақылау бекеті әр ауданға барып, жолдарда бақылау жүргізеді. Басты айтары, бекет ауыр көліктерді тоқтады. Бірақ бұл уақытша ғана. Себебі олар жолдың басқа бөліктеріне зиян келтіреді.
Атап өткен жөн, қазір облыста осындай жылжымалы бекет біреу ғана. Сәйкесінше алып облыстың әр түкпірін қамтып үлгере бермейді. Сондықтан облыс әкімдігі жақын арада тағы екі жылжымалы бекет алып, жол талаптарын бұзғандарға қатысты шараны күшейтпек ниетте.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков